Ақтөбелік жүргізушілер газ таппай тағы көше кезіп жүр
Ақтөбеде тағы автогаз тапшы. Аймақ жүргізушілері көліктеріне құятын көгілдір отын таба алмай бірнеше күннен бері сандалып жүр. Қоры таусылмаған жалғыз бекеттің өзінде ұзын-сонар кезек. Әкімдіктегілер бұған жүргізушілердің өздерін кәнілады. Себебі, газ қондырғысын орнатқан көліктерді жол полициясына уақытылы тіркетпейді екен. Сондықтан шенеуніктер мұндай отынның айына қанша көлемде қажет екенін болжай алмай отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.11.2017
Ақтөбедегі бұл бекетте түннен бері кезек. Көлік газын қолма-қол ақшаға жалғыз осы жерде ғана сатып жатыр. Ал басқаларының қоры таусылған. Бірен-сараны алдын ала тапсырыс берген мекемелер үшін көгілдір отын сақтап қойыпты. Ондағылар талонсыз келген жүргізушілерді маңайына жолатпайды.
Мирболат Арыстанов, көлік жүргізушісі:
- Басқа жерде жоқ. Барлық жерді аралап қайттық. Басқа жерде газ жоқ.
Әкімдіктегілер газ тапшылығына жүргізушілердің өздерін кінәлайды. Өйткені, көліктеріне көбі газ қондырғысын орнату үшін жол полициясына тіркелмеген. Сондықтан айына қанша тонна көгілдір отын қажет екенін шенеуніктер болжай алмай отыр.
Мая Бименова, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:
-Қазір Ақтөбеде небары 36 мың көлікте газ қондырғысын орнатуға рұқсат бар. Қалғандары тіркелуге асығар емес. Ал біз Энергетика министрлігіне осы тізім негізінде ғана тапсырыс береміз. Сондықтан қазір мұнда газ жетіспей жатыр.
Бұрын жетпей қалған көлік газын әкімдіктегілер келер айдың есебінен ерте беретін. Бірақ Павлодардағы зауыттың жөндеу жұмысына байланысты «СНПС-Ақтөбемұнайгазға» күш түсіпті. Сондықтан аймаққа артық көгілдір отын бөле алмаған. Қазір Ақтөбе облысы үшін Энергетика министрлігі бекіткен сұйытылған газ қоры небары тоғыз мың тонна ғана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!