Назарбаев пен Жээнбеков шекара бойынша келісімге келді
Қазақ-қырғыз қарым-қатынасында қайта жылымық орнай бастады. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның жаңа президенті Сооранбай Жээнбековпен кездесіп, шекара мәселесіне қатысты мәмілеге келді. Бірақ Қордайдағы бекет уақытша ғана ашылмақ. Енді шекарада қазақ-қырғыз кеденшілерінен бөлек, Еуразиялық экономикалық одақтың мамандары контрабандалық тауарларды бақылайтын болады.
Автор: Ербол Сейілхан
30.11.2017
Негізі іргедегі көршісіне келіп-ақ келісуге болатын. Алайда, Қырғызстанның жаңа президенті Астананы басып өтіп, алдымен Кремльдің қожайынымен кездескенді құп көрді. Құнды кеңестер алса керек, Беларусь астанасындағы Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымының отырысына келген бойда Сооранбай Жээнбеков күрт өзгеріп сала берді. Тіпті ұтымды сәтті пайдаланып, жиын басталмас бұрын Нұрсұлтан Назарбаевты жағалаған. Әріптесін кеудесінен итермеген Елбасы, қос мемлекет арасындағы шиеленісті жеке талқылап, соңында бір тоқтамға келді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алыс жерде болса да, осылай боп кездесіп қалдық. Екіншіден біз қазір келістік. Екі елдің арасындағы туысқандық бауырлық қатынастың бәрін орнына келтіреміз. Ол екі халықтың мүддесі. Шекарадағы мәселенің не үшін болғанын білеміз.Сондықтан біз былай деп келістік. Жол картасы бар. Екі Үкімет келіскен. Сол жол картасын қарау үшін ертең бірсүгүні бір топ Үкіметтен Қазақстанға келеді,біздің топппен екеуі отырады дағы,соған қол қояды.
Тез тіл табысқан қос президент шекарадағы шиеленісті қалай шешетіндерін де нақтылап алған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Содан кейін Сауранбай Шариповичтің сұрауы бойынша, біз Қордайдың шекарасын уақытша ашамыз да, екі жақтан контроль қоямыз. Қазақстаннан да, Қырғызстаннан да. Еурасэстен 3 адам әрбір жүкті қарайды. Бірақ өткізе беретін болады. Сондайды біз Қытайдың шекарасында да жасаймыз. Содан кейін мен Қырғызстанның жаңа президентін мен Қазақстанға шақырып отырмын. Сол келгенде барлық шаруаны артқа тастап,қазақ пен қырғыздың арасындағы жағдайды түзететін боламыз деп келістік. Түсіндің бе?
Әрине, келіспеске басқа амалы жоқ. Өйткені шекараның жабылуынан қырғыз кәсіпкерлері мол шығынға батып жатыр. Сондықтан Жээнбековке ең жақын серігі болса да, енді бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың қателігін жуып-шаюы тиіс. Оның үстіне бұл келіссөздер оның өз елінде саяси беделін көтеретіні анық. Бұны Жээнбековте жақсы түсініп отыр.
Сооранбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:
- Болған проблема бойынша,көп нәрсені сөйлестік. Шешімге келдік. Жол картасы бар, екі үкімет қазір істеп жатыр. Желтоқсанның аяғына бір жағына шығарамыз. Сосын көп проблема шешіледі.
Қырғыз шекарасында проблема шаш етектен. Қытайдан асатын контрабанданы айтпағанда, шығарған тауарлары Еуразиялық экономикалық одақтың талабына сай емес. Мұны ресми Бішкек те мойындап отыр. Ал Арқа төсіне келіп Назарбаевты ұстазым деп ағалаған Алмазбек Атамбаевтың негіссіз мәлімдемелеріне қарамастан, Ақорда қатынасты ақ парақтан қайта бастауға дайын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қырғызстанға, қырғыз халқына ақ тілегімнен басқа ешнәрсе жоқ. Сізге табыс тілеймін.Біртуғанбыз. Өмірде бола береді,"анау- болады, мынау болады" оның барлығын артқа тастайық. Бірнәрсені кешірмесең, ол адаммен тағы қарым-қатынасың болады деген сөз. Кешірсең жабылды, бітті. Рахмет сізге, игілік болсын!
Осылайша, бауырлас елдердің барыс-келісі , алыс берісі қайта жанданатын күн алыс емес сияқты. Әйтеуір алғашқы қадамдар жасалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!