Елімізде балаларды ауруға шалдықтыратын ойыншықтар көбейген
Ойыншықтағы олқылық. Қазақстанда сатылатын балалар ойыншығының 35 пайызы сыннан сүрініп, талапқа сай болмай шықты. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің қорытындысы көңіл көншітпейді. Бүлдіршіндердің қолындағы қуыршықтардың құрамында фенол, формальдегид секілді улы химикаттар анықталған. Дәрігерлер балалар ауруының 40 пайызы осы сапасыз ойыншықтан пайда болатынын айтады. Тіптен, жүйке жүйесін бұзуға дейін әкеледі екен. Ойыншық таңдағанда тұтынушылар қандай қағидатты сақтап, сапасыз тауарды қалай ажыратуы керек?
Автор: Асқарбек Қазанғап
30.11.2017
Ананың көңілі балада, баланың бар ойы ойында. 2 жастан енді асқан Асиманың бөлмесіндегі ойыншықтардан көз сүрінеді. Алматылық Дана Насырқызы қазір ойыншық таңдағанда, ойланып алатын болған. Өйткені, Қытайдың сапасыз қаңсығы талай рет сан соқтырды. Тез сынғаны өз алдына, өмірге қауіп төндірген сәттері де аз болмаған.
Дана Насырқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
-Бір ойнады ма келесі күні сынып қалады да оны тастауға мәжбүр боламыз. Тастамаған кезде жаңағы сынған үшкір жағы бар балаға зиянын келтіреді сол жағы. 0043 Балаға қауіп төндіретін ойыншықтар да. Иісі де бар былай қарап тұрсаңыз. Бала болғаннан кейін ойнайды, оны міндетті түрде аузына салады.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті дабыл қақты. Елдегі сүзгіден өткен ойыншықтардың 35 пайызы бала өміріне қауіпті болып шықты. Негізінен Қытайдың 73 пайыз арзанқол тауары біздің балаларды улап жатыр. Түркияның да сапасыз ойыншығы осы тізімде. Сөзге дәйек, былтыр Алматыда Қытайдың ойыншығы бүлдіршін ішегін тесіп жіберді. «Неокуб» деп аталатын тырнақ ұшындай магнит бір жанды жазым қыла жаздады. Атқамінерлер олқылық себебін анықтаудың орнына салдарымен аттандап арпалысып жүргендей.
Сапасыз ойыншық опық жегізеді. Дәрігерлер Қытай қуыршақтарының құрамындағы фенол, формальдегид секілді улы химикаттардың сау баланы сал қылатындай әсері барын айтады. Ақ халаттыларға жүгінген бүлдіршіндердегі дерттің 40 пайызына осы улы ойыншықтар себепкер екен.
Бақтынұр Сапақова, дәрігер-педиатор:
- Егер фенолдың мөлшері 40 пайыздан асып кетсе, тіптен балалардың денесін күйік шалуы мүмкін. Сондықтан, ондай ойыншықтарды сатылымнан мүлде алып тастау керек. 2012 жылы арнайы сараптама жүргізілді. Нәтижесінде улы химикаттардың орталық жүйке жүйесін зақымдайтыны дәлелденді.
Ойыншық алуға келгенде көбіне ата-аналар баға арзан деп базарға барады. Бірақ, құны төмен тауардың сапасына ешкім кепілдік бермейді. Ал, мынадай арнаулы дүкендерде әр ойыншықтың өз сертификаты болуы тиіс. Оны талап етуге әр тұтынушының құқығы бар.
Сөредегі бұл ойыншықтардың құны базардан 10-15 пайызға қымбат. Бірақ, сапасына тағар мін, жағар күйе жоқ. Дүкен тек ресми диллерлермен байланыс орнатқан. Тұтынушылар қапыда сан соғып, жарамсыз тауарға ұрынбас үшін дұрыс таңдау жасай алуды үйренуі керек дейді білікті мамандар.
Лариса Берелина, дүкен қожайыны:
- Брендті ойыншық сатып алсаңыз, қораптың сыртында штрихкоды міндетті түрде болады. Ол бойынша тауардың фирмалық, я көшірме екені туралы ақпарат ала аласыз. Сапалы ойыншықтан артық иіс шықпайды. Көбіне, ата-аналар оған мән бермейді.
Комитет жүргізген тексеріс нәтижесінде бір тоннадан астам балаларға арналған тауар сатылымнан алынды. Бірақ, жылына бір-екі мәрте болатын сараптамадағы салғырттық олқылыққа толы ойыншықтардың тамырына балта шаппасы анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!