Талдықорғанда сот орындаушылары салық төлеуден жалтарып жүргендерді аңдуға көшті
Қарыздары миллион теңгеден асып жығылатындардың дені еш жерде жұмыс істемегені былай тұрсын, тіркелген мекен-жайда тұрмайды да екен. Оларды шаһардағы бейнекамералар арқылы іздестірген мобильдік топ енді борышкерлердің көліктерін тартып алып жатыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
04.12.2017
Жол талғамайтын мына көлік иесінің темір тұлпарына салық үшін қарызы бір жарым миллион теңгеден асып түсіпті. Ол былай тұрсын, джиптің иесі оны кепілге қойып банктен 12 миллион теңге несиеге алған екен. Алайда қарызын қайтаруға асықпаған жүргізуші тәртіп сақшыларын көре сала бой тасалауға көшті. Бірақ оның бұл қылығы қымбат көлікті тәркілеуге кедергі болмады.
Бақыт Тұрысбаева, Алматы облыстық жеке сот орындаушылары палатасы басшысының орынбасары:
-Мекен-жайларына барамыз немесе тіркеуде тұрған мекен-жайларға барсақ ол кісілер ол жерде тұрмайды, жұмыс орындары туралы пенсионное отчисление дейді ғой, ондай ешқандай болмағандықтан ол кісілерді табу өте қиын боп тұр.Алматы облысы бойынша, 728 атқару өндірісі қозғалды, 125 миллионға.
Ал борышкер Андрей Кузнецов тәртіп сақшыларынан қашпаса да, қарызын төлей қоятын ақшам жоқ деп ағынан жарылды. Айтуынша, жуырда жұмыстан шығып қалып, қазір қаржы жағынан қиындық көріп жүр екен. Енді 237 мың теңге қарызын көлікті сатып жіберген соң өтеймін деп отыр.
Андрей Кузнецов, Талдықорған қаласының тұрғыны:
-Жұмыста қысқарту болып, шығып қалдым. Қазір тиіп-қашып әр жерде істеп жүрмін. Көлік сатып алғанда салық мөлшері аз болатын. Кейін заңға өзгерту енгізіліп,ол аспандап шыға келді. Енді сатайын десем, жұрт салықтан қашып алмай жатыр.
Тілші: Заң бойынша бюджетке төленетін салықтан жалтарған жанға алдымен қарыз мөлшері көрсетілген хаттама жіберіледі. Егер ол өтелмесе, іс сотқа жіберіліп, одан кейінгі шаруа сот орындаушыларына өтеді. Олар тәртіп сақшыларымен мобильдік топ құрып, рейдке шықпақшы. Борышкерлердің көлігін шаһардағы бейнекамерелар арқылы іздеп тауып, көлігі айып тұрағына қойылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!