Қазақ-қырғыз шекарасы: Шектеу алынып, адамдар қуанып жатыр!
Қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал тұрақтала бастады. Қос мемлекет президентерінің келісімінен кейін іле-шала кедендегі жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі күрт азайған. Бірақ бұл шекарадағы тексеріс осымен бітеді деген сөз емес. Алдымен Қырғызстан тауарларын Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сай рәсімдеуі тиіс. Әзірге ресми Бішкек бәрін орындаймыз деп уәде еткен. Ал шекараның бұрынғы қалыпта жұмыс істеуі алдымен саясаттан алыс қарапайым халықты қуантып отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
04.12.2017
Бұл қазақ-қырғыз шекарасындағы Айша бибі бекеті. Бұрынғыдай қарбалас пен ұзын сонар кезек жоқ. Бекеттен өте алмай, қаңтарылып тұрған жүк көліктері де көрінбейді. Шекарадағы шектеу азайып, жұрт ары-бері жылдам өтіп жатыр. Бұған әсіресе, оқшауда қалғандай күй кешкен айырқалпақты ағайын мәз.
Жеңісбек Атабеков, Қырғыз азаматы:
-Енді жақсы болды. 5-10 минутта өтіп кеттім.
–Бұрын қалай еді?
–Бұрындары таза қиын болып қалды ғой. Апталап жатты ғой балалар.
Сайера Сайдуманова, Қырғыз азаматы:
–Иә, біраз жеңілдеді ғой. Жақсы болып қалды.
Бекеттегі қарбаластың саябырсуы бекер емес. Өткен жұмада екі елдің президенттері Белорусь астанасы Минскіде шекара бойынша келісімге келген еді. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаев шиеленісті реттеу үшін жол картасы әзірленетінін айтқан. Көп ұзамай қырғыз үкіметінің мүшелері Астанаға ұшып келіп, қайта келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Бірақ біздің үкіметтің қырғыз әріптестеріне қойған бірнеше міндеті бар.
Асқар Мәмин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
-Жол картасына қол қойылғаннан кейін біз кедендік, салықтық, ветеринарлық, және фитосанитарлық бақылауды әдеттегідей талаптарға сай жүргізетін боламыз. Қырғызстан тарабы аталған талаптарды мұқият орындауға міндеттеме алды. Оның үстіне Қазық-қырғыз шекарасындағы ахуалды Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері де қадағалайды.
Ал ресми Бішкек Еуразиялық одақтың талаптарын енді бұзбауға уәде беріп отыр. Сондықтан Қазақстан «жол картасын» қабылдап, шекарадағы шектеуді азайтқан. Ендігі мәселе Қырғызстанның сол мойына алған міндеттерін қалай орындайтынында боп тұр. Себебі біздің елге сөзінде тұратын сенімді саяси серіктес қажет. Негізі қазақ-қырғыз шекарасындағы дау екі ай бұрын басталған. Өйткені, құдайы көршіміздің кәсіпкерлері Еуразиялық экономикалық одақтың көптеген талаптарын бұзды. Тіпті, Қытайдан ағылатын контрабанданы айтпағанда, жалған декларация толтырып, салықтан жалтарғаны анықталған еді. Осыдан соң Қазақстанда тексерісті барынша күшейтуге мәжбүр болды.
-Бірақ бұл Қазақстан шекарасын айқара ашып тастайды деген сөз емес. Жүк көліктері мен тауарлардың айналымы бұрынғысынша тексеріле береді. Ал қос елдің Үкіметтері арасындағы келісім алдымен қырғыздарға өте пайдалы. Өйткені бюджетіне түсетін кіріс қайта көбейеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!