Алматыда тәркіленген тауарды ұрлаған тергеуші шатылып жатыр
Тергеушінің қылмысы! Алматыда мемлекеттік кіріс департаменті экономикалық тергеу қызметі маманының ісі сотта қаралып жатыр. Ол заттай айғақтарды жымқырды деген күдікке ілінген. Яғни, контрабанда туралы қылмыстық істі тергеу кезінде тәркіленген қымбат зергерлік бұйымдарды ломбардқа өткізіп, мол пайдаға кенеліпті. Ос құйтырқылықты жүзеге асыруға көмектескен оның сыбайласы да жауап беруде.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
05.12.2017
Қылмыстардың бетін ашудың орнына өзі заң бұзған тергеушіге қатысты бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұрған тілшіміз айтып бермек. Қайырлы күн! Айыпталушылар кінәсін мойындады ма?
Жоқ. Әзірге экономикалық тергеу қызметінің маманы да, оның сыбайласы да кінәсін мойындаған жоқ. Тіпті, бір-бірін айыптап отыр. Яғни, тергеуші заттай айғақтарды сараптамаға апара жатып, көлігімнен ұрлатып алдым дейді. Ал, қымбат алтындарды ломбардқа өткізген екінші айыпталушы алтындарды ломбардқа өткізгенін мойындады. Бірақ, Мемлекеттік кіріс департаментінде жұмыс істейтін досының арам пиғылынан бейхабар болғанын айтып, ақталуда. Сондықтан, тағылған айып мүлдем негізсіз деп отыр.
Александр Блок, адвокат:
- Іс материалдарында менің қорғауымдағы азаматтың қылмысқа қатысы барын растайтын ешқандай дәлел жоқ. Ол кінәсіз. Сондықтан, Рустам Өтегеновке қатысты қылмыстық іс заңсыз қозғалған деп ойлаймын. Соған қарамастан, ол 3 айдан бері абақтыда отыр.
Экономикалық тергеу қызметінің маманы алтын сататын кәсіпкерге қатысты қылмыстық істі тергеу кезінде оның тауарларын түгелдей тәркілепті. Зардап шегушінің айтуынша, қолында жалпы соммасы бір миллион доллардың алтыны кеткен. Тергеуші сол бұйымдарды камераға өткізбей, жарты жыл бойы кабинетінде ұстапты. Кейін айғақтарды сатып, мол пайдаға кенелген көрінеді. Индира Бердібекова өз әшекей бұйымдарын Алматыдағы ломбардтардан тапқанын айтады. Енді, сот жағалап, соны қайтарып алуға тырысып жүр.
Индира Бердібекова, зардап шегуші:
- Алматы қаласының кірістер департаментіне сұрақ: Қайда қарап отыр басшылықтары? Неге менің алтындарымды қадағаламаған? Неге оны камераға қоймаған?! Осы қарамаудың кесірінен қазіргі кезде мен осындай дәрежеде, өз алтындарымды іздеп, соттан сотқа тозып, 1 жылдан бері осындай жағдайда жүрмін.
Тіпті, айыпталушылар сатқан алтынның ақшасын казиноға салған деген де күдік бар. Қазір ол екеуі тергеу абақтысында жатыр. Ал, дәл қазір, мына ғимараттың ішінде қос күдіктіге қатысты кезекті сот отырысы өтуде. Онда айтылған ақпараттарды кешкі жаңалықтардан көрсетеміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!