{metadescription}
ОҚО-да жалақы алмаған құрылысшылар шенеуніктердің былығын ашты
ОҚО-да жалақы алмаған құрылысшылар шенеуніктердің былығын ашты

ОҚО-да жалақы алмаған құрылысшылар шенеуніктердің былығын ашты

Оңтүстік Қазақстанда мектепті күрделі жөндеуден өткізіп жатқан құрылысшылар жұмысты тегін істеп отыр екен. Әдетте жөндеу жұмыстарын жазда жасауы тиіс Түлкібас ауданының атқамінерлері тірлікті оқу қызған күз бен қыс мезгіліне қалдырған. Ал 114 миллион теңгелік жұмысты үш айда бітіруі тиіс мердігер «Грантел ЛТД» компаниясы жұмысқа жергілікті жұртты келісім-шартсыз шақырған. Жөндеу жұмыстарының 90 пайызы біткенімен,  мердігер компанияның басшылығы үш ай ішінде бір мәрте ғана азын-аулақ ақшамен алдаусыратыпты.

Бұл - Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылындағы мектеп-лицей. Жаз бойы тұрған білім ошағын жергілікті билік күз түскенде үш айға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жауып тастаған. Ал сол іспен айналысып жатқан «Грантел ЛТД» компаниясы бірнеше бригаданы жөндеу жұмыстарына тартқан. Құрылысшылардың көпшілігінде келісім-шарт та жоқ. Құжатпен кіргендер айма-ай жалақы алса, 25 жұмысшы үш ай ішінде бір мәрте ғана азын-аулақ ақша беріліпті.

Нұржан Керімбетов, жұмысшы:

-Оның өзін айғай-шумен алдық. Бала-шағаның аяқ киімі жоқ. Бәрі шырылдап жүр. Кредитіміз жатыр. Коммуналдық төлем төленген жоқ.

Үш ай ішінде мектеп қабырғаларының сылағымен әгін қырып, кірпішін қалап, еденіне дейін айнадай еттік деген жұмысшылар күн өткен сайын жалақысыз қаламыз ба деген үреймен жүр. Өйткен, жұмыс басталмай тұрып, тірлікті бітіре беріңдер келісім-шарты жасай береміз деген компания басшылығы ақыры 25 жұмысшымен сөйлесуден де қалыпты.  

-Абай атындағы мектеп-лицейде жұмыс істеп жатқан бригаданың жартысында келісім-шарт болса, қалған жартысы құрғақ уәдеге сеніп тер төгіп келеді. Құжатсыз жүрген 25 жұмысшыға ешқандай жағдай да жасалмаған. Мәселен, құрылысқа қажетті құрал-сайманның өзін жұмысшылар үйінен әкелуге мәжбүр. 

Құрғақ уәдеге тойған жұмысшылар кімге шағымданарын да білмейді. Өйткені аудан атқамінерлері мәселеден хабардар, бірақ селт еткен ешкім жоқ. Ал, құрылыс жұмысын оқу басталғанда істеуге тапсырыс берген түлкібастық ақжағалылар мердігер «Грантел ЛТД» компаниясының басшысын жақтап әуре. Айтуынша, мердігер мекеме директоры ақша бергісі келеді-ақ, тек денсаулығына байланысты жұмысшыламен кездесуге мүмкіндік таппай жатыр екен.

Дәулен Әбішев, Түлкібас аудандық білім бөлімінің басшысы:  

- Төлейін деп жатқанда ауруханаға түсіп қалған. Бірақ келіп төлейді. Жалпы құрылыстың сомасы 114 миллион. Соның қазір 109 миллиондайы аударылған ауқымына қарай. Қалған сомасы осы біткеннен кейін аударылады.

Уәдеге сенсек, жалақы ертеңнен қалдырылмай түгел берілуі тиіс. Мұны жұмысшыларға әшейінде төбе көрсетпейтін құрылыс компаниясының басшылығы да, аудан атқамінерлері де айтып жатыр. Алайда еңбек шарты туралы құжат та түзбей, айлап жалақы да бермей келе жатқан компания туралы біле тұра, бұл мәселеге аудандық еңбек инспекциясы мен жергілікті прокурорлардың араласпағаны түсініксіз.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде