Украинада Саакашвилиді жақтаушылары тұтқыннан босатып алды
Украинадағы саяси жағдай қайта ушықты. Көптен бері президенттің отставкаға кетуін талап етіп жүрген Михаил Саакашвили жақтастарымен бірге бүгін тағы Жоғарғы рада алдына жиналып жатыр. Бұл жолы да олар Порошенкоға импичмент жариялап, биліктен кетсін деп талап қойды. Айта кетсек, таңертең ғана Украина Қауіпсіздік қызметінің арнайы жасағы Саакашвилидің тура үйінде тұтқындамақ болған.
05.12.2017
Бірақ, мұның арты жанжалға ұласты. Алдымен, Саакашвили шатырға шығып, кейін оны қолдайтын адамдар полициямен қақтығысқан. Бар күшін салған жақтастар ақыры саясаткерді босатып алды.
Сақадай сайланған арнайы жасақ Саакашвилидің үйіне таңертең келді. Алдымен, пәтерінде тінту жүргізіп, кейін оның өзін тұтқындауға тырысты. Бірақ, саясаткер көпқабатты үйдің шатырына шығып алды. Сөйтіп, жоғарыдан өзін қолдайтын халыққа үгіт жүргізді.
Михаил Саакашвили:
- Мен жақтастарымнан бұл жүгенсіздікке жол бермеуді өтінемін. Порошенко ұры! Ол украиналықтар үшін сатқын! Менің басыма қандай жағдай түссе де, халықты көшеге шығып, әрі қарай күресуге шақырамын.
Кейін сақшылар Одесса облысының бұрынғы губернаторын ұстап, көлікпен алып кетпек болған. Бірақ, Саакашвилидің жақтастары бұған жол бермеу үшін қолдан келгенін істеді. Арнайы жасақ көлігінің орнынан қозғалуына да жол бермеді. Көліктің дөңгелектерін жарып, есігін сындырды. Жағдай әбден ушыққан соң, сақшылар оларға қарсы көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болыпты. Бірақ, қасқая қарсы тұрған адамдар ақыры көшбасшыларын құтқарып алды.
Бұдан кейін де Саакашвили халықты шеруге шығып, қарсылықты одан әрі жалғастыруға шақырды. Осылайша, бәрі ұрандата Жоғарғы радаға қарай бет алды. Қазір олар межелі жерге жеткен. Саакашвилидің өзі шеруде сөз сөйлеуге дайындалуда. Ол Парламенттен Порошенкоға импичмент жариялауды талап етпек.
Жергілікті сарапшылар болған жәйт Порошенконың тақтан айырылып қалудан қорқатынының бір көрінісі деп отыр. Сондықтан да президент барлық күшті оппозицияға, әсіресе Саакашвилиге қарсы жұмсап отыр екен. Тіпті, көпшілік бұдан кейін билік Саакашвилиді қуып шығады деп жоспарлайды. Ал, елдің Бас прокуроры оны тұтқындауға шектен шыққаны себеп болғанын мәлімдеді. Яғни, саясаткер шеру ұйымдастыру арқылы қазіргі билкті құлатпақ болды деп ойлайды. Әрі ол бастаған дүрбелеңді Украинаның экс-президенті Виктор Янукович қаржыландырғанын анықтапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!