Халықаралық қауымдастық Алматы әуежайының былығын әшкереледі
Әуежай қызметінің бағасына қадағалау қажет. Шығыс кіріске сәйкес келмейді. Орталық Азия бойынша Халықаралық әуе транспорты қауымдастығы осындай мәлімдеме жасады. Ал, Алматы әуежайының басшылығы болса, тариф қымбаттығына қатысты сынның ешқандай шындыққа жанаспайтынын айтады. Керісінше бағаны көтермегендіктен ай сайын 1 млн долларға дейін шығынға батып жатқандарын жеткізді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
05.12.2017
Орталық Азия бойынша халықаралық әуе транспорты қауымдастығының менеджері Джордан Карамалаковтың соңғы мәлімдемесі қазір қызу талқыланып жатыр. Ол әуежайдағы қызмет көрсету құнындағы кілтипанның пайда болуын, біріншіден жариялықтың жоқтығымен байланыстырады. Яғни, тарифтің қандай негізде көтерілгені туралы әуежай басшылығы ашық ақпаратпен қамтамасыз етпейді-мыс.
Сол себепті, бармақ басты, көз қыстымен қалаған құндарын қойып, салдарынан әуе компаниялары қып-қызыл шығынға батады екен. Біздегі авиация саласында бәсекелестіктің болмауы монополистер асығының алшысынан түсуіне себеп-дейді.
Джордан Карамалаков, Орталық Азия бойынша халықаралық әуе транспорты қауымдастығының өңірлік менеджері:
-Әуежай ұсынатын ұшып-қону, авиациядағы қауіпсіздік, әуежайдағы тұрақ және әуежайдағы орналасу қызметінде бұрыннан монополия орнаған. Мүлде қадағаланбайды. Мәселе бағаның көтерілуінде емес, осы жүйеде ашықтықтың болмауында. Тасымалдаушылармен баға төңірегінде ешқандай талқылау жоқ. Әуежай оған мүдделі емес.
-Алматы әуежайының басшылығы халықаралық қауымдастықтың бұл мәлімдемесін жоққа шығарған екен. Олардың осы мәселедегі дәйегі қандай сонда?
Алматы әуежайы мәлімедемеде іліп алар, шындыққа жанасар бір ақпарат жоғын айтып ақталды. Биыл тек авациядағы қауіпсіздікті қамтамассыз ету қызметі үшін тариф отандық әуе компанияларына 27 пайызға, ал шетелдік компаниялар үшін 45 пайызға көтерілген. Сақтықты халықаралық стандартқа сай қадағалайтын соңғы құрылғыларды алғандықтан, оның орнын жабу үшін осындай қадамға барған. Ал, қалған қызметтерде бір тиынға болсын құн қосылмаған дейді. Осыдан 15 жыл бұрын бекітілген тариф сол күйінде сақталған. 2015 жылғы экономикадағы аумалы-төкпелі кезең әуежай қазынасының бүйірін түскен. Бағаны көтермегендіктен, соңғы екі жылдан бері 24 млн доллар шығынға батқан екен.
Қобыланды Тумышев, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-ның бірінші вице-президенті:
-Қазірдің өзінде пайдадан қағылып отырмыз. Тығырықтан шығудың, қосымша ақша тартудың амалдарын қарастырып жатырмыз. Соның салдарынан Алматы әуежайын халықаралық талапқа толықтай сай ететін жаңа құрылғыларды алуға мүмкіндік болмай тұр. 2015 жылмен салыстырғанда қайта қызмет көрсету құны арзандаған. Карамалаков бұл мәлімдемесін қандай негізге сүйеніп жасағаны бізге түсініксіз.
Соңғы уақытта Қазақстан нарығынан «British airways» (Бритиш эйруэйс) пен Чех әуе компаниялары келісімді бұзып, кері қайтты. KLM (Кэй эл эм) компаниясы да 2018 жылдың көктеміне дейін еліміздегі қызметін тоқтатты. Халықаралық әуе транспорты қауымдастығы алпауыттардың кетуін біздегі тарифтің қымбаттығымен байланыстырған еді.
Алматы әуежай басшылығы бұл ақпараттың да тоны теріс айналып таралғанын айтады. Мәселен, Чех әуе компаниясы о баста көздегендей жолаушы толтыра алмағандықтан, аттарын бәйгеден шығарған. Бритиш эйр уэйс болса ұшақтарын жоспардағы жөндеуге шығарған. Оны алмастыратын сондай әуе кемесі болмағандықтан Қазақстанға ұшуды тоқтауды жөн тапқан екен.
Олай болса, Халықаралық әуе транспорты қауымдастығының біздегі әуежай қызметіне не үшін жөн-жосықсыз, дерек-дәлелсіз шүйлігіп отырғаны түсініксіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!