Тікелей эфир: Безбүйрек ана өлтіруге тек егіздің сыңарын ғана келіскен
Алматыда қос ұлына ажал құштырғандардың соты жалғасуда. Өзбекстан азаматы әйелінің бір ұлды тірі қалдыруды өтінгендігін сотқа дейінгі тергеуде мәлімдеген. Ал, қазір оның қылмыстан хабарсыз болғанын айтып, ақтауда. Екі күдіктінің де сөзі сәт сайын өзгеріп жатыр. Сондықтан, сотқа тергеушілерді шақырып, ерлі-зайыптының жауаптарын салыстыруға тура келді.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
06.12.2017
Бұл туралы толығырақ тілшіміз Нұргүл Нұрланқызы айтып бермек. Нұргүл, сәлем! Қанды оқиға жайлы қандай ақпараттарыңыз бар?
Сотта екі күдікті әбден шатасуда. Бастапқыда, олардың егіздерді келісіп өлтіргені айтылған. Бұл үшін арнайы жоспар құрып, оның басы-қасында безбүйрек ананың өзі де жүріпті. Бірақ, сәл мейірімділік танытып, егіздің сыңарын тірі қалдыруды өтінген екен. Күйеуінің бастапқы жауабы бойынша оқиға осылай өрбіген. Ал, қазір Гильмутдинов мұндай сөз аузымнан шыққан жоқ деп отыр. Сондықтан, бүгін судья хаттамадағы күдіктінің өз сөзін өзіне оқып беруге мәжбүр болды.
Ерлан Болатов, судья:
-Мен әйеліме балаларды көргім келмейтінін, олардан құтылғым келетінін айттым. Жақын күндері сәбилердің көзін жоятынымды да жеткіздім. Ол бастапқыда жылап-сықтады. Сосын ұлдардың біреуін тірі қалдыруды ұсынды.
Тек сотта қылмыс мүлдем басқаша баяндалуда. Бар кінәні қаскөй әке мойнына алған. Волченко күнәдән таза көрінеді. Ал, жауаптардың сәйкес келмеуіне сотқа дейінгі тергеу кезінде удай мас болуымыз себеп дейді. Соның кесірінен, не айтып, не қойғандарын білмей қалыпты. Бірақ, тергеушілер жауап беру кезінде екеуінің де сау болғанына сенімді.
Әлібек Исабаев, тергеуші:
- Мен ешқандай ішімдіктің иісін сезген жоқпын.Сотқа дейінгі тергеудің өзінде Волченконың сөздері құбылып отырды. Әрі күдіктіден жауап алуға адвокаты да қатысты.
Шынында, адвокат қорғауындағы әйелдің сап-сау болғанын растады. Бірақ, әбден уайымдап, есін жоғалтып алған болуы мүмкін дейді. Айта кетсек, ауыр қылмыс жасағандарға психологиялық сараптама да жасалған. Әрі еш ауытқу жоғы анықталды. Волченконың қорғаушысы қылмысқа әйелдің еш кінәсі жоғына сенімді. Егіздердің өлімінен бөлек, ерлі-зайыпты үлкен ұлын қараусыз қалдырғаны үшін де істі болып жатқанын айта кетейік. Әйел бұл әрекетке баланы қанішер әкеден қорғап, тірі қалдыру үшін барған көрінеді.
Фархат Тайыпов, А. Волченконың адвокаты:
- Волченко сәбилердің өліміне қатыспаған. Тек біле тұрып, сақшыларға жеткізбеген болуы мүмкін. Ал, үлкен ұлдың тірі қалғанын қалаған. Сол үшін көшеге тастап кетті.
Айыптау актісі мен қанішер әкенің алғашқы жауабына сәйкес, 1 жасар егіздердің жазығы бала болып жылағаны екен. Гильмутдинов оларды тұншықтырып өлтірген. Сол сәтте әйелі жайбарақат қыдырып жүріпті. Әрі қылмысты жасыру үшін жиі пәтер ауыстырған.
Екеуі мәйіттерді де өздерімен бірге тасып жүріпті. Кейін өлген балалар тоңазтқыштан табылған болатын. Айыпталушылардың 15 жылдан 18 жылға дейін сотталуы мүмкін. Өмір бойына бас бостандығынан айыруылуы да ғажап емес. Бірақ, жазаны жеңілдететін бір жәйт бар. Бұл екеуі полицияға өз аяқтарымен барыпты. Мұны растау үшін келесі сотқа полиция бөлімінің басшысы шақыртылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!