Ресейдің қысқы Олимпиададан шеттетілуіне қатысты бірнеше болжам айтылды
Қош, Олимпиада! Ресей 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайды. Көршімізді Халықаралық олимпиада комитеті дүбірлі додадан шеттетіп тастады. Допинг дауының соңы осындай санциямен ақталуы әлемде қызу пікір талас тудыруда. Кей споршылар бұны қолдап отырса, енді бірі бұндай шараның артында үлкен саясаттың жатқанын алға тартуда.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.12.2017
Көзден бұлбұл ұшқан олимпиада. Аюдай айбаттымыз дейтін орыс ағайындардың салы суға кетті. Келер жылы Оңтүтсік Кореяда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында енді Ресейдің әнұраны шырқалмайды, туы желбіремейді. Спорт тарихында тұңғыш рет допинг дауы үшін бір мемлекеттің спортшылары түгелдей жазаланып отыр. Алайда бұл ресейдің саңлақтары жарысқа мүлдем қатыспайды деген сөз емес. Халықаралық Олимпиада комитеті оларға медаль үшін сайысқа түсуге мүмкіндік бермек. Тек өз елінің атынан емес.
Томас Бах, Халықаралық олимпиада комитетенің президенті:
-Допингка шыланбаған спортшылардың Пхечхандағы жарысқа қатысуына болады. Топтық жарыста және жекелей сындарда да бақтарын сынай алады. Бірақ Олимпиаданың атлеті деген атпен. Киімдері де осы үйымның формасы. Ал жеңіске жетіп жатса, Олимпиаданың туы көтеріліп, әнұраны шырқалады.
Болар іс болып, бояуы сіңді. Ресейдің Олимпида комитетінің басшысы Александр Жуков халықаралық ұйымнан кешірім сұрады. Барлық тағылған айыптармен де келісіп отыр. Бірақ ол допингқа қатысы жоқ спортшылардың жазалануы дұрыс емес дейді.
Александр Жуков, Ресей Олимпиада комитетінің басшысы :
-Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін қойып отырған талаптарыңызды біз әлі талқылауымыз керек. Оған барлық спортшылар, ардагер спортшылар, федерация басшылары, жаттықтырушылар қатысады. Бір шешімге келіп кейін жауабын айтамыз.
Ресей Оңтүстік Кореяға барудан түбегейлі бас тарта ма, әлде спортшылардың Олимпиада комитетінің атынан өнер көрсетуіне мүмкіндік бере ме, бұл жағы әзірге белгісіз.
-Жолайырықта тұрған Ресейдің Олимпиада комитеті арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің жолын іздеп жатқаны анық. Қайткенмен де халықаралық комиссия сібір спортшыларын аяйын деп тұрған жоқ. Олар Сочи олимпиадасында өнер көрсеткен 25 ресей атлетінің көрсеткішін жоққа шығарды. 11 медаль кері қайтарылып, командалық есепте бірінші тұрған Ресей алтыншы орынға бірақ сырғыды. Бұл Ресей спорты үшін апперкот болғаны анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!