Шымкентте өзін проректордың немересімін деп таныстырған алаяқ ондаған студентті алдап соқты
Жалған проректор! Шымкентте ақылы түрде оқитын шәкірттерді грантқа ауыстырып беремін деп ақша жинап алған азамат ұсталды. Пысықайдың арбауына сеніп қалған студенттердің саны 40-қа жетеді. 21 жасар Бекзат Дәржан Шымкенттегі ең үлкен Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры атасы екенін айтып, дөкей туысы арқылы грантты оңай алып беретінін айтыпты. Оған сенген студенттер енді ақылы оқудан да шығарылып жатыр.
Автор: Бек Әбиев
06.12.2017
Гүлзинат Әшімованың қызы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 2 курста оқиды. Жыл сайын 295 мың төлейтін студент үш ай бұрын үйіндегілерге грантқа ауысуға мүмкіндік бар екенін айтыпты. Яғни, 350 мың теңге берсе болды, Бекзат Дәржан есімді магистрант проректор атасы арқылы порталмен грантқа ауыстырып беретінін айтқан. Осыған иланған Гүлзинат Әшімова жедел несие рәсімдеп, ақшаны танысына ұстата салған.
Гүлзинат Әшімова, студенттің анасы:
- Сабырханов Дархан Сабырханұлы деген проректордың немересі боламын деді. Сендік. 350 мың кредит алдым банктен. Сөйтіп, нотариустың көзінше 350 мыңды санап алды. қолхат берді.
Тіпті қолхат та берілген соң студенттер мен ата-аналар күдіктенбепті де. Алайда қарашаның соңына қарай студенттерге оқу ақысы төленбеген соң оқудан шығарылатыны туралы қағаз келе бастағанда ғана бәрі шу ете қалған. «Грантқа ауыстырғыштың» өзін таппаған соң проректорға келіп дау шығарып, полицияға да арыз түсірген.
-Жалғыз ғана алаяққа алданып, сан соғып қалған студенттердің саны 40-тан асады. Тек, кейін оқуына кесірі тиеді деп қорыққан тәлімгерлердің өзі камераға сөйлеуден қашқақтайды. Алайда, грантқа оқумен емес ақшамен түскісі келген студенттер мен ата-аналар ақшасын қайтарып алуға дәмелі.
Бұл дауға проректордың қатысы бар екеніне сенімді ата-аналар ақшаны қайтаруды талап еткенімен, оқу орнының басшысы мұндай туысқаннан ат-тонын ала қашты. Бекзат Дәржан есімді студент бізде жоқ деген Дархан Сабырханов сүттен ақ, судан тазамын дейді.
Дархан Сабырханов, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры:
-Ондай құзыретім жоқ. Ол сұрақпен айналыспаймын.
– Бұның сізге туысқандығы бар ма?
–Туысқандығы жоқ. Ар-намысым тапталып тұр.
– Ары қарай не істейсіз? Сотқа берем.
Жұрт шулаған соң полицейлер әлгі пысықты қолға түсірген. 21 жастағы Бекзат Дәржан бірнеше ай ішінде студенттерден 14 миллион теңге жинап алыпты. Тіпті, онысын қымсынбай айтып жатыр. Қазір, оған қатысты алаяқтық бабы бойынша іс қозғалды. Полицейлер пысықайға алданғандардың саны әлдеқайда көп болуы да мүмкін дейді. Сондықтан, Бекзат Дәржаннан алданғандар болса полицияға хабарласуын сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!