АҚШ-тың Иерусалимге қатысты шешімі қарулы қақтығыстарға соқтыруы мүмкін
Қазақстан Иерусалим мәртебесі жайлы мәлімдеме жасады. Жаһан назарын аударған күрмеуі қиын мәселеде Сыртқы Істер министрлігі алаңдаушылығын білдірді. АҚШ президенті Дональд Трамптың Иерусалимге қатысты шешімі үлкен геосаяси дағдарысқа түрткі болатын түрі бар. Палестина билігі Трамптың қадамы бейбітшілікке сызат түсіретінін айтады. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі ертең осыған байланысты шұғыл жиын өткізгелі жатыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
07.12.2017
Израильге бүйрегі бұрған Трамптың шешімін әлем түсіне алмай әлек. 20 жылдан астам уақыт бойы бұрынғы АҚШ президенттері Иерусалимді Израиль астанасы деп тануға жүректері дауаламай келген. Қатқан қағиданы Трамп бұзды. Онсыз да бастары бір қазанға сыймайтын Израиль мен Палестина арасындағы байланыс енді қандай болады деген сұраққа жаһан бас қатырып отыр. Қашаннан бейбітшілікті басты бағдары еткен Қазақстан бұл мәселеде де үнсіз қалмады. Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың тұрлауы кетпеуі үшін барлық мүдделі тараптарды ұстамдылыққа шақырды.
-Иерусалимнің қазіргі мәртебесінің сақталуын жақтай отырып, Қазақстан халықаралық құқық пен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы және Қауіпсіздік Кеңесінің 181 (1947), 242 (1967), 338 (1973), 2334 (2016) қарарлары, сондай-ақ 2002 жылғы Араб бейбіт бастамасы негізінде палестин-израильдік реттеуге қолдауын растайды. Палестин-израильдік қақтығыстың шешімі 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина Мемлекетінің құрылуын көздейтін "екі халыққа екі мемлекет" қағидасына сәйкес іске асуы тиіс
ҚР Сыртқы Істер Министрлігі
Дональд Трамп бұл қадамы арқылы сайлау алдындағы уәдесін орындады. Алайда, Иерусалимді Израиль астанасы деп тануы мұсылман әлеміндегі алаңдаушылықты одан әрі үдете түсті. Бірақ, Трамп осы шешім Таяу Шығыспен байланысты бекемдейді деген пікірінен танбай тұр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
-Иерусалимді Израиль астанасы деп тануымыз керек. Бұл бұрыннан бері қабылдау керек болған дұрыс шешім. Сондықтан, мен Тель-Авивтегі Америка елшілігін Иерусалимге көшіруге дайындықты бастауға бұйрық беремін.
Араб елдерінің басшылары Трамтың шешімін сынға алды. Шынтуайтында жарты ғасыр бұрын текетірестен кейін табан тіреп, тартып алған жерге қазығын қаққан еврейлерге иелік мәртебесін беру шығыстағы жанжалға май құйып, ушықтыруы мүмкін дейді әлем мемлекеттері.
Махмуд Аббас, Палестинаның президенті:
-Қисынсыз бұл шешім АҚШ-тың осы өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты сақтауға құлық танытпай отырғанын көрсетеді. Халықаралық құқық талаптарының ешбір шеңберіне сыймады.
Франция президенті үзеңгілесінің осындай қадамға барғанына өкінішін білдірсе, Австралияның Сыртқы Істер министрлігі елшілігін Тель-Авивтен көшірмейтінін жеткізді. Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі ертең бас қосып, тақырыпты талқыға салмақ. Шұғыл жиналуды кеңеске мүше 8 бірдей мемлекет талап етіпті. Ал палестиналықтар арасында қазірден толқу байқалады. Хамас сияқты радикал ұйымдары тіпті халықты қолға қару алып, жаппай қарсылыққа шақыруда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!