Алматы облысында отынның жетіспеуінен бірнеше мектепте сабақ тоқтатылуы мүмкін
Автор: Мақсат Мәлік
07.12.2017
Дизельдің қымбаттауы мектептерге де салқынын тигізіп жатыр. Алматы облысында сұйық отынның уақытылы жеткізілмеуінен, білім ордаларында жылу толық берілмеуде. Ата-аналардың айтуынша, сабақ үстінде сырт киіммен бүрсең қаққан оқушылар жаппай суық тиіп, ауруханаға түсіп жатқан көрінеді. Ал, мектеп басшылығы, дизель отынын үнемдеп жағуға көшкен. Себебі, әдеттегі қалыппен жақса сұйық отын бітіп, сабақ тоқтап қалуы мүмкін екенін айтады.
Мектепте жылудың жөнді берілмейтінін айтып, ұстаздармен жаға жыртысқан ата-аналардың еститін жауабы осы. Ұнамаса, өзгесіне ауысыңдар деп, қысқа қайырады екен. Ал, басқа барар жеріміз жоқ деген ата-аналар, сабақта бойы мұздап қалатын балаларымыз үйге келгенде әрең жылынады дейді.
Наталья Моложавская, Алматы облысының тұрғыны:
-Бізде сыныптардың іші өте салқын. Дизель отыны жоқ деп жатыр. Өзіңіз ойлаңызшы, салқын сыныпта балалар қалай сабақ оқи алады. Бармаған жеріміз жоқ. Шыдамның да шегі бар ғой.
Шарасы таусылған ата-аналар, өз қаржыларына тоқпен жылытатын құрылғы да сатып алыпты. Бірақ, қыстың көзі қырауда бүтін бір сыныпты жылытуға шамасы жетпейді дейді олар. Ал, білім
ордасында бүрсең қағып, суық тигізген оқушылардың алды ауруханадан бір-ақ шыққан.
-Мектепті жылыту үшін бір жылға 47 тонна дизель отыны керек екен. Бірақ, биыл бар-жоғы 8 тоннасы ғана жеткізіліпті. Директордың айтуынша, оның 6 тоннасын жағып үлгерген. Енді күн күрт суытқанда, амалсыздан үнемдеуге көшкен көрінеді.
Бекнұр Мұқашев, мектеп директоры:
-Биылғы жыл қиын жыл болды. Бізге отын жеткізілмеді. Алдағы уақытта беріп қалатын шығар. Кішкене үнемдеп жатырмыз. Өйткені, қатты жағып тастасақ, оқу процессі үзіліп кетуі мүмкін.
Үнемдегені сол, күніне жағылатын 400 литр сұйық отынның көлемі екі есеге қысқарыпты. Мектеп басшысы, неліктен кешіккенінен хабарсызбын дейді. Бірақ, директорға беймәлім жәйтті ата-аналар білеміз деп, шу ете қалды.
Аудандық білім бөліміндегілер, басшысының сырқаттанып қалғанын сылтауратып, сұхбаттан беруден бас тартты. Айтуларынша, үнемдеуге тапсырыс берілмеген. Аудандағы 85 мектеп пен 16 балабақшада сұйық отынның тапшылығы сезілмейді, дейді олар. Алайда, мектеп басшысының сөзі мүлде қарама-қайшы.
Бекнұр Мұқашев, мектеп директоры:
-Бүкіл аудан бойынша жетпей жатыр. Жаңа жылға дейін лимиттің бәрін алып алатынбыз. Желтоқсанға дейін 48 тонна болса, келетін. Менде қазір желттоқсанға дейін 8 тонна ғана.
Дегенмен, аудандық білім бөлімі, тендерде жеңіске жеткен компанияның жем-жемге келгенде тайқып кеткенін мойындады. Келісімшарттың бұзылуына бағаның қымбаттауы әсер етіпті. Сондықтан байқау қайта жарияланып, сұйық отынды жеткізуді өзге компания мойнына алған. Ал, тас-түйін ата-аналар, мектепке толықтай жылу берілмейінше, балаларымызды сабаққа жібермейміз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!