Атырауда оқушылардың жаппай төбелесі жұртты шошытты
Атырауда полицейлер ата-аналарды жазаға тартпақшы. Осылайша, екі тарапқа бөлініп, бір-бірін аяусыз соққыға жыққан жасөспірімдердің қылығы үшін енді ересектер жауап береді.
Автор: Жанар Низамутдинова
07.12.2017
Әлеуметтік желіде тараған мына бейнероликтен құрылыс алаңына жиналған балалардың бір-бірін ұрып жатқанын көруге болады. Оқиға қаладағы «Вокзал маңы» ықшамауданында болған. Куәгерлердің айтуынша, әуелі сөзге келіп қалған бір мектептің оқушылары көпке созбай, бірден іске көшіп, жаппай төбелесіп кеткен. Олар тек өз жөндеріне кетіп бара жатқан қала тұрғындары араласқан соң жан-жаққа қаша жөнеліпті. Оқушылардың не себепті жаға жыртысқаны әзірге белгісіз. Белгілісі - зардап шеккендер жоқ. Ал төбелестің қақ ортасында жүрген 6 тентекпен және олардың ата-аналарымен полицейлер сөйлесіп жатыр. Яғни әке-шешелері «бұзақылық» бабы бойынша жақын күндері сот алдында жауап бермек.
Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Барлық балалардың жеке бастары анықталып, олардың ата-аналарға балалары кәмелет жасына толмағаннан кейін, олар 9 сынып оқушылары, ата-аналарына ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 435-бабы 1-бөлігі негізінде хаттама толтырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!