Назарбаевтың сынынан соң шенеуніктер шетел асқан қаржыны қайтаруға кірісті
Бас прокуратура шетел асқан миллиардтарды қайтаруға кірісті. Тіпті Жақып Асанов оффшордағы қыруар қаржыны отанға қайтаруды өз бақылауына алған. Тіпті, ақшаның ізіне адаспай түсуі үшін прокурорлардың білімін жетілдіріпті. Бұл іске Қаржы министрлігі де қосылған. Алайда, мұхит асқан миллиардттарды қайтарудың оңай болмайтынын шенеуніктер қазірден-ақ мойындап отыр.
Автор: Досжан Маратұлы
07.12.2017
- Президенттің пәрменінен кейін,Есілдің сол жағалауында нағыз дүрбелең басталып кетті. Сондықтан таяқтың ұшы тиген құзырлы органдар қалың ұйқысынан ояғандай. Сөйтіп Қазақстаннан шығарылған әр тиынды түгендеуге бел шеше кіріскелі жатыр.
Бірақ капиталды қайтару жолдары белгісіз. Тек Бас прокуратура оннан астам қызметкерін экономикалық қылмыстарды тергеуге үйретіпті. Әйтсе де, қаржылық қитұрқылықтарды әшкерелейтін сауаттары әлі төмен. Енді былықты әшкерелеу үшін Қаржы министрлігі көмекке келмек.
ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫ:
-Тиісті тапсырмаларды алдық. Бізде сауатты күресу үшін біздің мықты мамандар болуы керек. Сондықтан мамандар оқып келді. Арнайы курстан, тренингтан өтті. Енді бұл бағытта біз басқа өкілетті органдармен бірігіп, сол жұмысты жасаймыз.
Миллиардтарды отанға қайтару үшін прокурорлардың білімін жетілдіруі бекер емес. Өйткені, құқық қорғау органдары ақшаның ізіне түсіп, оны кері қайтарудың орнына қағазбастылықпен айналысып келген. Тіпті, экономикалық білімін айтпағанда, есеп-шоттарды аңдуға техникалық сауаты жетпейді. Сондықтан бай-бағландар тапқан табысына оффшордан қымбат виллалар алып, тексерушілерді оп-оңай шаң қаптырып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Хватит баловаться, заигрались. Хватит, накупили яхт, имеют в других странах коттеджи, дома. Мы еще никого не проверяли, хотели дать возможность заработать. Но не забывайте, что это все дала вам страна. Если премьер-министр не разберется, я сам разберусь. Безопаснее деньги держать дома, мы обеспечим их цельность и сохранность.
Ал Қаржы министрлігі шетелдегі әріптестерімен байланысып, қай мемлекетте отандық олигархтарға тиесілі шоттар мен жылжымайтын мүлік барын анықтамақ.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Басқа мемлекеттердің салық органдарымен ақпарат алмасу арқылы, «фатко» деген келісім-шарт бар сол арқылы да қараймыз. Оның үстіне «Бэпс» деген жоба бар. Бұл да салықтан жалтару, ақшаны тығуға қарсы жұмыстар. Осыған қарсы іс-шаралар қабылданып жатыр.
Жалпы, қазір оффшор мен шетел банктерінде Қазақстаннан аударылған 12 жарым миллиард доллар жатыр екен. Ақшасын шетелге тыққандардың арасында мүйізі қарағайдай ұлттық компаниялар да бар.
- Бұдан былай Қазақстанда тапқан ақшасын шетелге аударуға заңмен тыйым салынғалы жатыр. Алайда, бұл құжаттың аты түгіл заты да жоқ.
Президенттің сынынан соң Үкімет тиісті заңды әзірлеуге енді кірісті. Оның ұзақ шаруа екенін ескерсек, арал асқан ақшаның жақын арада оралуы екіталай
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!