Алматыда адамдарды жиһадқа шақырған топ полицейлер мен шенеуіктерге шабуыл жасауды жоспарлаған
Алматы қаласының Ішкі істер басқармасы бертінде қолға түскен күдіктілердің жүзеге асырмақ болған жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, жымысқы әрекеттері туралы талқылаған әңгімелері жарияланды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
08.12.2017
-Бізбен қазір тікелей байланыста әріптесім Асқарбек Қазанғап. Асқарбек, қоғамға бүлік салуды көздегендердің жоспары туралы толығырақ тарқатсаң.
Қайырлы күн Мадина! Тергеу мәліметінше, бірлікті бүлікке, тірлікті түнекке айналдыруды көздегендер өз жоспарларын әр үтір, нүктесіне дейін пысықтаған. Құдды фильмдегідей бастан бақайшаққа дейін мұздай қаруланып құзырлы орган мен мемлекеттік құрылым өкілдеріне шабуыл жасауды ойға алған.
Ал, шабуылға қажет қаруға қаржы табу үшін ең алдымен кәсіпкерлерді қыспаққа алып, бопсалауды көздеген. Тек содан кейін Қырғызстанға барып, қару-жарақтың түр-түрін сатып алуды жоспарлапты. Алда-жалда астыртын әрекеттері әшкере болса кінәні мойынға қиналмай ала салатын адамдарын да дайыдап қойған екен.
Салтанат Әзірбек Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:
-Сот алды тергеу жұмыстарын жүргізу барысында бұл азаматтардың қылмыстық әрекеттерге бел буғанына біз көзімізді жеткіздік. Ол процессуалды түрде дәлелденген деректер. Яғни, бұл азаматтар бірінші кезекте мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қоқан лоқы әрекеттерді ұйымдастырмақшы болған.
Құзырлы орган қызметкерлері күдіктілерді біраз уақыт сырттай бақылады. Тіпті олардың дайындығына дейін жасырын камераға түсіріп, дауыстарын жазып отырды. Әңгіме ауандарына қараса, олар өліспей беріспеуге бекінген.
Яғни, Жұмағұлов, Өміров, Әбішев билікті өзгертуді көксеген. Олар Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары. Жас шамалары 40 пен 50 дің арасында. Құқық қорғау органдары өздері секілділерді қудалауды тоқтатпаса жаппай жиһад жариялауға да бел буған.
Олар қылмыстық кодекстің 256 бабы, яғни терроризмді насихаттау бойынша айыпталып жатыр. 29 қарашадағы соттың шешімімен 2 айға тергшеу абақтысына жабылды. Қазіргі уақытта полицейлер қолда бар дерек пен дәйекті таразыға салып, олардың жақтастары бар-жоғын анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!