Гемофилияға шалдыққан науқастар Біртановты сөзінде тұрмады деп айыптады
Денсаулық сақтау министрі сөзінде тұрмады. «Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығы, министр Елжан Біртановті осылай айыптап отыр. Айтуларынша, қазір еліміздің төрт аймағында гемофилия дертіне дауа болатын дәрі-дәрмек таусылыпты. Себебі, келер жылға бағасы өте қымбат препараттарды сатып алуға мемлекеттік тендер жарияланбаған. Ал, бұдан бұрын министр, желтоқсанның 7-де байқау өткізілетінін айтқан болатын. Бірақ, Үкімет қаулысындағы өзгерісті күткендіктен, тағы кешеуілдеп жатқан көрінеді.
08.12.2017
Ақмола облысының тұрғыны Александр Редченко, гемофилия дертінің зардабын тартқан жанның бірі. Тағдыры мемлекеттен бөлінетін тегін дәріге тәуелді жігіт, ертеңгі күніне қатты алаңдайды. Себебі, өңірде бағасы қымбат дәрі таусылып, науқастарға жетпей жатқан көрінеді.
Александр Редченко, Ақмола облысының тұрғыны:
-Осы жылдың ортасынан препараттарды кедергімен алып келдік. Желтоқсан айынан бері дәріханаларда жоқ деді. Күз айларында да сондай болған. Тіпті, қан ұйымайтындықтан, тісімізді жұлдыруға қорқамыз. Сондықтан сақтықпен жүріп тұруға тырысамын.
«Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығы, Ақмоладан өзге тағы үш облыста дәрі-дәрмек жоқтығын айтады. «Солтүстік, Оңтүстік және Атырау өңірінің науқастары, жандарын шүберекке түйіп отыр» дейді олар. Себебі, денесі жарақат алса, қаны ұйымайтын сырқаттарға дереу қымбат дәрінің күшімен жәрдем жасалуы тиіс. Әйтпесе, қансараған сырқат айналасы жарты сағаттың ішінде өліп кетуі мүмкін.
Тамара Рыбалова, «Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығының президенті:
-Денсаулық сақтау министрі 7-ші желтоқсанда келер жылға тендер жарияланатынын айтқан. Кеше оны көре алмадық. Министрліктегілер қоймада дәрі-дәрмек қоры бар деп сеніп отырған шығар. Бірақ, қазірдің өзінде жетпей жатыр ғой. Егер 2018 жылға дер кезінде байқау өткізілмесе, жағдайымыз қиын. Оның үстіне, жақын күндері тендер жарияланғанымен, препараттар науқастардың қолына мамыр айында тиюі мүмкін.
Дегенмен, бүгін гемофилия дертінің бетін қайтаратын дәрі-дәрмекке биылғы жылға арналған қосымша мемлекеттік сатып алу жарияланыпты. Бірақ, оның көлемін көріп шошыған Тамара Рыбалова, бұл науқастарды мазақ еткенмен бірдей дейді.
Тамара Рыбалова, «Гемофилияға шалдыққан мүгедектер» қауымдастығының президенті:
-Егер қосымша мемлекеттік сатып алудағы межені есептесек, мындай 40 құты ғана көрсетілген. Бұл бір адамның да қажеттілігін өтей алмайды. Бізде 16 аймақ бар. Науқастардың саны 1120 адам.
Ал, келер жылға шынымен тендер өткізілмегінін мойындаған министр Біртанов, жақын арада мәселені шешуге тырысып жатырмыз дейді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
-Қазіргі күнде біздің науқастарға қажетті дәрі-дәрмектерді уақытылы жеткізу үшін, Үкімет қаулысына өзгеріс енгізу қажет болып тұр. Үкімет қаулысының жобасы Үкіметкке енгізілді. Жоспар бойынша келесі аптада Үкімет отырсында қабылданады. Сол күні тендер жариялаймыз.
-Алайда, гемофилия дертіне шалдыққан науқастардың мұңын жоқтап жүрген қауымдастық өкілдері, министрдің не үшін екі сөйлегенін түсінбейміз дейді. Олардың айтуынша, қазір орталыққа дәрі-дәрмектің таусылғанына шағымданып, әр өңірден хабарласатын сырқаттардың саны күрт артқан. Құзырлы орындардан қайран болмағасын, қажетті препараттарды шығаратын компаниялардан гуманитарлық көмек сұрауға көшіпті. Осыдан-ақ, жауапты министрліктің жағдайды қаншалықты реттеп отырғанын аңғаруға болатындай.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!