Бензин бағасы түсе бастады
Алматыда бензин бағасы түсе бастады! Көлік отынын 165 теңгеге дейін көтеріп жіберген жанармай құю бекеттері бүгін күтпеген жерден оны 8 теңгеге арзандатты.
11.12.2017
АИ-92-нің кенеттен арзандап шыға келгеніне жүргізушілердің өздері сеніңкіремей қалған. Бұған дейін бәйгеге түскендей бағаны бірінен соң бірі қымбаттқан бекеттер енді ең өтімді жанармайдың литрін 157-158 теңгеге сатып жатыр. Ал кейбірі тек аз ғана арзандатқан. Қалай дегенмен, Бозымбаевтың болжамы тура келді. Естеріңізге салсақ, Энергетика министрі желтоқсан басында жанармай арзандайды деп барша жұртты сендіріп баққан. Алайда, оның артынша іле-шала «Қазмұнайгаз»-дың білдей вице-президенті Данияр Тиесов бензин бір тиынға да төмендемейді деп министрдің мәлімдемесінің жоққа шығарған еді. Сондағы топ-менеджер бағаны арзандатсақ, отынды көрші елдер талап әкетеді дегенді желеу қылған. Соған қарағанда, күзде бензин бағасы негізсіз көтерілген деген күдік бар. Дегенмен, оған қатысты бағаның өсуін қалайтын мұнай компаниялары әзірге ауыз ашпай отыр. Ал алматылықтар өз кезегінде бағаның арзандағанына қуанышты.
Нұрлан Тойшыманов, көлік жүргізуші:
- Қуанамыз ғой бір 2-3 теңгеге түсіріп берді ғой бағасын. Оған қуаныштымыз әрине. 2-3 теңге болса да, бірақ енді 100 теңгеден болса да жақсы болатын еді. Қалада кешке дейін машинамен жүреміз. Жұмысымыз бәрі осы машинамен ғой. Осы машинаның арқасында жүреміз. Автобуспен жүруге болады, бірақ жұмыс бітпейді онымен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!