Қор биржасындағы 11 айдағы жалпы сауда көлемі 140 триллион теңгеге жетті
Бұл КАСЕ құрылғалы бергі ең қомақты қаражат. Ал акция нарығына құйылған қаражат 22-ші қарашада рекордтық көрсеткішке жеткен 16 триллион 900 миллиард теңге. Бұл үрдіс алдыңғы қазан айынан бері жалғасып келе жатыр екен. Әлемдік мұнай бағасының көтерілуі, соны іліп әкеткен отандық экспортшылар шетел ақшасына біраз қарық болыпты. Онысын теңге тапшылығы сезілгенше сата берген. Енді қарашаның ортасынан бері қарай теңге қайтадан құлдырай бастады.
13.12.2017
Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай. Қыстың басы, бірі ерте, біреуі жәй. Теңгенің әлдеқайда әл жинауы өткен айдың ортасына дейін жалғасыпты. Қазақстан қор биржасының өкілдері солай айтады. Енді қыс басталғалы қайта құбылып барады.Үш апта бұрын 330-дан долларыңыз бүгінде 5 теңгеге қымбаттап кетті. Біз оны теңге қалпынан тайып, тұрақсыздана бастады деп жүрміз. Ал қаржы мамандары төл ақшамыздың қалыпты құбылысы дегеніңіз осы дейді. Яғни, тұрақты бағам деген уақытша нәрсе.
Андрей Цалюк, Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары:
-Қарашаның ортасына дейін мұнай біраз көтерілді. Экспорттаушылар сол кезде айтарлықтай көлемде мұнай сатып, шетел валютасына біраз қарық болды. Сол уақытта теңге тапшы бола бастады да бұл ұлттық валютамыздың біршама нығаюына әкелді.
Теңгені нығайтқан мынау. Соңғы үш жылдағы 9 айлық деректерді қараңыз. Былтырғыға қарағанда мұнай көп сатылған. Табыс та көп. Біздің мұнайға Италия тым зәру екен. Қаңтар мен қыркүйектің арасында бізден 6 миллиард 235 миллион долларға қара алтын сатып алыпты. Голландия, Франция, Швейцария дегендер де қазақ мұнайына мұқтаж боп, миллиардтаған долларларын аямапты. Анығында, теңгемізді нығайтып жүрген солар.
Одан кейін компаниялардан салық түсімі төмендеп, ел-жұрт долларға қарық болғаннан кейін, теңге құнсыздану жолына қайта түскен. Бірақ кейде Ұлттық банк интервенция құйып, теңгені әдейі әлсіретіп жіберетіні бар.
Андрей Цалюк, Қазақстан қор биржасы басқарма төрағасының орынбасары:
-Ұлттық банкке базалық мөлшерлеменің төмендегені қолайлы. Бұл демек, инфляцияның жылдық көрсеткіші төмендеді деген сөз. Ал базалық мөлшерлеменің кемігені банктердің несиелеу көлемін арттырады. Несиелеу қарқынының ұлғайып бара жатқанын нақты деректерден де байқап отырмыз.
Несиелеу көлемі артты дегеніңіз, ол экономикада бәсекенің күшеюіне әкеледі. Яғни, жұрттың қалтасына ақша түскен соң, оның өзі пайызы төмен несие болғаннан кейін, бизнес немесе басқа да тіршіліктің тамырына қан жүреді.Айта кетерлігі, бір кездері кей сарапшылар доллар құны 400-ге дейін жетеді деп көпірген. Бірақ, қор биржасындағылар оған сенбейді екен. Теңге құнын қалыптастырып отырған мекеменің өкілдері жақын арада 335-тің төңірегінде болатынына нық сенімді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!