Қойнауы кенге толы Ақтөбенің жүргізушілері көліктеріне көгілдір отын таппай сандалып жүр
Тек қолында талоны барлары ғана газдан тарықпайды. Бұған әкімдіктегілердің өздері таң қалып отыр. Өйткені көлік газын бұл айда артығымен бөлуге министрліктен рұқсат алыпты. Сондықтан олар кәсіпкерлердің қорды тығып отырғанына сенімді. Десе де жанармай бекетіндегілердің өз айтары бар.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.12.2017
-Ақтөбеде көлігі газбен жүретін жүргізушілерді әр он күн сайын сандалтып қою әдетке айналған. Өткен ай соңында ғана жанармай бекетіндегілер қолында талоны барларды ғана жарылқаған болатын.
Сол жағдай тағы қайталанып отыр. Қолма-қол ақшаға газ сататын қос бекетте ұзын-сонар кезек. Мұндағы көлік тізбегі шақырымға жетеді. Ал өзге бекеттер талонсыз ешкімді жолатпайды. Жүргізушілер болса апта сайын көгілдір отыннан тарықтыратындарға өкпелі.
Алтай Жақсылықов, көлік жүргізушісі:
-Біраз жерді аралап келдім. Бәрінде талон. Бүкіл жерде. Осы жердің өзінде бір сағатан астам тұрмыз. Біз енді Ақтөбеде тапшылық болмауы керек қой. Мұнайдың ортасында отырмыз.
Жанармай бекеттеріндегі көгілдір отын тапшылығына әкімдіктегілер еш қатысымыз жоқ дейді. Өйткені, Энергетика министрлігі бекітіп берген газ көлемін өзара бөлісу кәсіпкерлердің қолында. Ал шенеуніктер тек зауыттан уақытылы жеткізіліп, күніне қанша газ сатылғанын бақылап қана отырады екен. Сондықтан қолда бар қорды бизнесмендердің әдейі тығып отыруы мүмкін екенін айтады.
Дастан Аманов, Ақтөбе облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
-Әкімдік өз міндетін толық орындап отыр. Министрліктен Ақтөбеге газды бұл айда артығымен бөлуге келісім алдық. Зауыттан да уақытылы жеткізіліп жатыр. Ал енді қалада оны өзара бекеттерге бөлумен сол көгілдір отын сататындардың қауымдастығы айналысады. Бар газдың неге сатылмай отырғанын өзіміз де түсінбейміз.
Бірақ жанармай бекеттерінің иелері өздеріне шаң жуытар емес. Олар зауыттан аймақтағы бекеттерге газ тарататын жалғыз операторға кінә артып отыр. Өйткені оның құжаттары дұрыс болмай шығыпты.
Алтынай Мұқанова, газ тасымалдаушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:
-Желтоқсан айына министрліктен 800 тонна газдың артық бөлінгені рас. Бірақ оның 9 мың тоннасын өзіміздің Жаңажолдағы зауыттан, қалған 500 тоннасын ТШО-дан жеткізу керек. Бірақ бекеттерге газ таратын оператордың аккредитациясы болмай ТШО-дан газымызды ала алмай отырмыз.
-Газ тапшылығына нақты кінәліні табу қазір қиын болып тұр. Мақта қыз ертегісіндегідей бәрі бір-біріне сілтейді. Ал екі ортада жәбір көретін көлік жүргізушілері. Енді көлік газының аймақта қашан еркін сатылатыны белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!