Жаңаөзенде 40 жыл бұрын салынған көпқабатты үйдің едені опырылып түсті
Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Үйіндінің астында қаламыз ба деп қорыққан өзге тұрғындар қазір буынып-түйініп, туыстарын паналауға кетіп жатыр. Мамандардың айтуынша, оған кәріз құбырының шірігені себеп болса керек. Қазір мамандар оқыс оқиға болған пәтерді қоқыстан тазартып жатыр. Жөндеу жұмыстары да басталып кеткен.
13.12.2017
Оқиға кешкі сағат 9 болған. Абырой болғанда, үйде сол сәтте ешкім жоқ екен. Мұнда сәл уақыт тұрған әйел бес баласымен еден опырылатын күні шығып кетіпті. Ал көбіне бос тұрған баспананың иесі болған оқиғаны естіп облыс орталығынан екі өкпесін қолына ұстап жетіп келіпті. Тұрғындардың айтуынша, шұрқ- тесік құбырлардан аққан судың кесірінен үйдің қабырғалары үнемі дымқыл тартып тұрған екен. Осыны айтып, олар пәтер иелері копперативін талай рет ескертіпті . Ондағылар бұрыштағы пәтердің есігі үнемі құлып тұратындықтан еш шара жасай алмадық деп ақталып отыр.
Құрманбай Қарасаев, пәтер иелері кооперативінің төрағасы:
- Үй иесі Ақтау қаласында тұрады.Бұл үйде адам тұрмаған болатын. Сосын екінші пәтерден иіс шығады деген шағым түсті. Бұл жоғарыдан канализация ағып, мына үйден көтерілген болуы мүмкін. Үйде адам болмағасын үйге көтеріліп аға берген болуы мүмкін.
Оқыс оқиға болған пәтерге жапсарлас баспананың да едені шытынай бастапты. Қазір оның иесі мектеп жасындағы қызын алып паналайтын жер іздеп жүр.
Күнсұлу Қарашаева, көршісі:
-Көршімнің үйінің бетоны түсіп кеткеннен кейін өзімнің полым да опырылайын деп зорға тұр. Мен осы үйден шығып көшіп кетіп жатырмын. Мен бұл үйде тұрмаймын. Үйді бос тастап кеттім. Мен білмеймін қайда тұратынымды?
Қазір құрылысшылар едені опырылған пәтерді қоқыстан тазартып жатыр. Үй ешқандай коммуналдық қызметтен ажыратылған жоқ.
Нұрхан Мұстафаев, Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
-Қазіргі таңда осы қала әкімі жанынан арнайы комиссия жүргізіліп, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз бұл жұмыс бойынша бірінші пәтер бойынша, толықтай қалпына келтерміз. Бұл бойынша жұмыс басталып кетті.
Алдын ала есептеулер бойынша, бұл үйдің еденін қайта салып, қабырғасын бекітуге екі миллион теңге керек екен. Оны шенділер арнайы қордан аламыз, тұрғындар бір тиын да шығынданбайды деп сендірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!