Талдықорғанда жалған ақпарат таратқан әйелдер 3 жылға сотталуы мүмкін
Жалған ақпарат жауып тынды! Талдықорғанда бала ұрлығы туралы көпе-көрнеу өтірік айтып, жұртты дүрліктіргендер құрықталды. Whatsapp арқылы күллі елге тарап кеткен хабарламаны 3 әйел жазыпты. Күдіктілердің болмағанды болғандай етіп шебер жеткізгені сонша, ата-аналар абдырап, мектепке қарай ағылған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
14.12.2017
Тергеу мәліметінше, жұртты дүрліктіріп жүрген - осы әйел. Қауөсетті таратуға оған қызы мен туысы да көмектесіпті. Үшеуі whatsapp арқылы қаланың қақ ортасындағы мектептен шыққан оқушыны әлдебіреудің ұрлап кеткені туралы хабарлама жолдапты. Әрі қауіпті адамның бетперде киіп алғанын айтып, ойдан шығарған әңгімесімен дүйім жұртты алдаған.
- Девочки, это никакая не утка. Только что племянница моя увидела возле школы Островского шел ребенок. Подъехали в масках. Украли ребенка. Сейчас мать там орет, плачет.
Өтірікті шындай айтқандары сонша, жұрт бұған сеніп қалыпты. Тіпті, хабарламаны бір-біріне жіберіп, күллі елге тарап кеткен. Ал, бала ұрланды делінген мектептің мұғалімдері бірден оқушыларды түгендеуге кірісіпті. Бірақ, аудиожазбада аты аталған жасөспірім мұнда мүлдем оқымайтын болып шықты. Дүрліккен ата-аналар да мән-жайды сұрап, осында ағылған.
Ләйлә Иманбекова, Н. Островский атындағы орта мектеп директоры:
- Кешке жақын, 16-ға таман ата-ана лар келді. Осындай хабарлама келді уатсаппе деп. Баланы мектептің жанына ұрлап кетіпті деп.
Кейін бұлар полицияға хабар беріпті. Тексере келе, ақпараттың жалған екені анықталды. Ал, үш күдіктіні сақшылар көп ұзамай ұстапты. Олар кінәсін толығымен мойындады. Десе де, бастаманы көтерген 46 жастағы әйел екен. Ол мұндай әрекетке жанашырлықтан бардым деп ақталуда.
Зухра Дейнеко, күдікті:
- Бала ұрлығы туралы көп естідім. Мен соған ана ретінде уайымдадым. Өйткені, өзімнің де балам бар. Оқушыларды аяймын. Сол үшін, тек жақсы ниетпен, хабарламаны желідегі топқа жіберіп, ата-аналарға ескерткім келді.
Байыбына бармай жатып өсек таратамын деп, басы бәлеге қалған әйел өз ісіне өкініп отыр. Тіпті, көпшіліктен кешірім сұрады. Дегенмен, күллі халықты шошытып қойғаны үшін құр кешіріммен құтылмасы анық.
Көбейхан Нұрахмет, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:
- Осы оқиғаға қатысты «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Олар кінәләрін мойындап отыр.
Енді, жұртты алдаған күдіктілердің 3 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Айта кетсек, желтоқсан басталғаны Алматы облысында дәл осындай жағдай үшінші рет тіркеліп отыр. Тек алдыңғы екеуінің авторын анықтау мүмкін болмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!