Алматы облысында жөндеу орталығынан өрт шығып бірнеше көлік жанып кетті
Алматы облысында көлік жөндеу орталығынан өрт шығып, ішіндегі темір тұлпарлардың бәрі түгел жанып кетті. Көліктерінің күлге айналғандығын иелері тек таңертеңгісін бір-ақ естіген. Ал өрт түнгі жұмыс кезінде тұтаныпты. Десе де, техникалық орталықтың жұмысшылары да, қожайыны да болған жайтты бір-біріне сілтеп, жұрттың өртеніп кеткен мүлігі үшін жауапкершілікті мойындарына алғысы жоқ.
14.12.2017
Нұрлан Сапарбай көлігін жақында ғана сатып алған екен. Алған бойда осы техникалық орталыққа әкелген. Онда да жөндетуге емес, алақандай ғана сызықты бояту үшін.
Нұрлан Сапарбай, көлік иесі:
- Бамперін бояймын деп 20 мың теңге әкелдім. Машинаны кіргіздік. Ертесіне келсек машинам жанып кеткен. Осы машинам бала-шағамды бағып отыр. Енді білмеймін не істейтінімді?
Нұрланның көлігімен бірге барлығы 9 машина өртенген. Салоннан шыққан су жаңасы жоқ, бірақ қожайынын жолда қалдырмаған кілең жүріп тұрған көліктер екен. Ішінде «Тойота», «Мерседес», тіпті 7-сериялы «БМВ»-лер де бар. Әрқайсысының құны кемі 2 миллион теңге тұрады екен.
-Өрттен тек 7 көлікті ғана құтқару мүмкін болыпты. Қалған қаңтарылып тұрған 9-ы түгі қалмай жанып кеткен. Көлік иелерінің барлығы дерлік отбасылы азаматтар. Әрқайсысының бес-алтаудан бала-шағасы бар. Жолаушы тасымалдап, жан бағып жүрген азаматтар енді өртенген көліктерінің шығынын кімнен дауларын білмей әлек.
Нұрлан Сапарбай, көлік иесі:
- Тоқтан кеткен дейді . Білмеймін бір-біріне сілтеп отыр.
Сөйтсе, көлік жөндеу орталығы жалға берілген екен. Қожайыны да осыны желеу қылып, жауапкершіліктен басын ала қашқан. Десе де, жалға алғандар да кінәсіздігін айтып, ант-су ішіпті. Айтуларынша, қызыл жалын мына электр қондырғысынан шыққан. Екі жақты даудың соңы төбелеске ұласа жаздап, көлік шығынын көтергісі келмеген кәсіпкер ақыр аяғында жүргізушілерді боқтап, қуып шықты.
Бірақ осылай деген дөрекі басшы бізді көре салысымен аяқ асты тонын ауыстырып, әңгімесін басқа арнада өрбітті.
Мамед Ахмедов, ТЖО қожайыны:
-Біз де көмектесеміз. Бірге жасаймыз, көмектесеміз. Ешкім, ешқайда қашпайды.
Ал өртенген көліктер тек жол апатынан ғана сақтандырылған екен. Сондықтан, жүргізушілердің шығынын өтейтін басқа жолы жоқ. Техникалық орталық та өрттен сақтандырылмаған боп шықты. ішінде дабыл қаққышы да, тіпті бір өрт сөндіргіші де болмапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!