Алматыда егіз балаларын қатыгездікпен өлтіргендер өмір бойына бостандық көрмеуі мүмкін
Өз ұлдарын аямағандарды заң да аямауы керек! Алматыда егіз балаларын қатыгездікпен өлтірген күдікті- өмір бойына бостандық көрмеуі мүмкін. Бүгін прокурор сәбилерді тұншықтырып өлтірген әкеге осындай жаза сұрады. Қылмысқа қатысқан безбүйрек ананы да ұзақ уақытқа түрмеге қамауды талап етті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
15.12.2017
-Қайырлы күн, Мәдина. Атышулы іс аяқталуға жақындап келеді. Бүгін сотта куәгерлердің жауабынан соң, бірден жарыссөз өтті.
Онда мемлекеттік айыптаушы қос күдіктінің қылмысы «тайға таңба басқандай» дәлелденгенін мәлімдеді. Яғни, Эмиль Гильмутдинов 1 жастағы егіз ұлдарын тұншықтырып өлтірген. Әрі мұны әйелі екеуі келісіммен жасапты. Оны тасбауыр әкенің 3 бірдей жауабы да растаған дейді прокурор. Сондықтан, ел естімеген қылмыс жасаған есі дұрыс ересектерді аяп қалмады. Жазықсыз балалардың жанын қиған әкені өмір бойына соттауды талап етті. Әрі 230 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы тиіс екен. Сондай-ақ, прокурор оның азаматтық некедегі жарын да ауыр жазаға лайықты деп есептейді.
Расул Есдәулетов, мемлекеттік айыптаушы:
- Алла Волченконы кінәлі деп танып, 19 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Бұған қоса, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу керек. Ол жазасын қауіпсіздігі күшейтілген мекемеде өтесін.
Сотқа зардап шегуші ретінде білім бөлімінің маманы қатысуда. Өйткені, қанышер ерлі-зайыптының үлкен ұлы қазір солардың қарауында. Олардың 2 жасар баланы да далада қараусыз тастап кеткенін айта кетейік. Бүгін зардап шегуші тарап Эмиль мен Алланың 3 ұлына да салғырт қарағанын мәлімдеді. Сараптама кезінде, олардан түрлі аурулар анықталған. Тіпті, егіздердің аштықтан өлген болуы мүмкін деп отыр.
Айткүл Кемебаева, Медеу аудандық білім бөлімінің бас маманы:
- Салауат пен Ринат физикалық жағынан дамымай қалған. Жүйке жүйесінде зақым болыпты. Дәрігерлердің қарауында мүлдем болмаған. Үлкен ұлы да дәл солай. Өз балаларына бұлай қарау дұрыс ата-ананың ісі емес. Аң екеш, аң да баласын қорғайды. Бұл қылмысты ақтауға мүлдем болмайды.
Десе де, Волченконың өзі қылмысқа түк қатысым жоқ деуден танар емес. Айтуынша, тергеу амалдары дұрыс жүргізілмеген. Сондықтан, прокурор сұраған айыппен мүлдем келіспейді. Оның қорғаушысы да әйелдің кінәсі дәлелденбеген деп отыр. Сондықтан, судьядан күдіктіні сот залында босатуды сұрады. Күйеуі де сот басталғалы әйелін барынша ақтауда. Ал, Гильмутдиновтің өзі егіздерді өлтіргенін растағанымен, өмір бойына түрмеде отырғысы жоқ.
Эмиль Гильмутдинов, сотталушы:
-Өз кінәмді мойындаймын. Ол кезде не істеп жатқанымды өзім де білмедім. Есімнен танып қалдым. Бұл үшін қатты өкінемін. Бірақ, мемлекеттік айыптаушының өмір бойына соттау туралы сөзімен келіспеймін.
Ерлі-зайыптылар мұның алдында жазаларын жеңілдетуге тырысқан. Яғни, полицияға өз аяғымызбен бардық деген болатын. Бүгін оны растау үшін сотқа полиция басқармасының өкілі шақырылды. Әрі ол күдіктілердің ішке өз еркімен кіргенін жоққа шығарды. Тек ғимараттың сыртында тұрған жерінен өзі шақырып алыпты. Бұған қоса, бүгін Алла Волченко өзін үлкен ұлына қатысты ата-ана құқығынан айырмауды сұрады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!