Ақмола облысында 4 жыл бұрын ғана тартылған құбырда су жоқ
Красиловка ауылының тұрғындары тіршілік нәрін көрші Айдаболдан тасиды. Аудан орталығы – Зерендіден небәрі 20 шақырым жердегі ауылдың ауыз судан қаталап отырғанынан шенеуніктер хабарсыз болып шықты. Бұны естіген 95 түтіні бар ауыл жұрты бұған дейін шағымданып әкімдікке талай барғанын айтуда.
15.12.2017
Биылғы қыс кешігіп келіп, әу дегеннен аязы қысып бара жатса да, тұрғындар алғашқы ақ көбік қардың түскеніне қуанды. Тым болмаса, кір қоңымызды жуатын су үшін қар еріте аламыз дейді олар. Осыдан 4 жыл бұрын ғана құбыр тартылып, жаңа суағарлар пайда болғанда тіршілік нәріне жарыдық қой деп ойлаған жұрт енді ауыз суын көрші ауылдан тасып жүр.
-Өткен көктемде ауыл ортасында тұрған мына су мұнарасы құлап түскен. Сөйтіп, жаз бойы сұлап жатқан. Ауыз сусыз қалған тұрғындар кейін басшыларға жалынып жүріп мұнараны орнына қойғызыпты. Бірақ онымен су мәселесі шешілмеген.
Тұрғындардың бұлайша жан дауыстары шығуы тегін емес.10 суағардан тамшы тамбағалы жылға жақын. Мұнарасы құлап, қайта орнатылған соң да тіршілік нәрі берілмепті. Тұрғындар аудан басшыларына шағымданып талай барғандарын айтады. Бірақ олар әкімдіктен ауылда су бар деген жауап хат алған.
Жанар Ақылбекова, Красиловка ауылының тұрғыны:
-Ауыл әкімі мамыр айында құбырларың жөнделеді деген. Міне, желтоқсан айы. Қанша рет хабарластық. Амалсыз қар ерітуге көштік. Жұрттың бәрінде бірдей көрші ауылдан су таситын көлігі жоқ. Сосын бізге шағым айттыңдар деп ренжиді. Халықпен осылай ойнауға бола ма?
Ал Зеренді ауданы әкімінің орынбасары 11 айдан бері суағарлары қаңсып тұрған ауылдың түйткілін бірінші рет естіп тұрғанын айтып, қайран қалды. Енді мәселені бір күнде шешемін дейді.
Қайрат Жақыпов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары:
Су береміз! Ертең 2 колонка жұмыс істейтін болады!
- Уәде бересіз?
- Су болады!
Тіршілік нәрі болады деп нық айтқан шенеуніктің уәдесіне жұрт қуанып қалды. Сенді. Енді ертең суағарлардың ағуын күтіп далада жүреміз деп тарасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!