Нұрсұлтан Назарбаев Олимпиада чемпионымен қол күрестірді
Бүгін Елбасы елімізге еңбегі сіңген бір топ азаматты Ақордаға шақыртып, мемлекеттік наградаларды табыстады. Ал Дербестігіміздің 26 жылдығы қарсаңында президенттің қолынан сыйлық алғандардың арасында министр әкімдерден бастап, офицерлер, әртістер, өрт сөндіруші, тіпті болат қорытушыға дейін бар.
Автор: Досжан Маратұлы
15.12.2017
Әдетте саяси маңызды келіссөздер өтетін зал бүгін мерекелік көңіл күйге толы. Ақордаға шақырту алғандардың қуанышында шек жоқ. Саяси элитаның белді өкілдері еліміздің ең басты кабинетіне жиі кірсе, басқалар үшін бұл үлкен мәртебе. Ал, өзін көп күттірмеген президент Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды алдымен ұлық мереке Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының Президенті:
-Тәуелсіздікті тәу ететін кез-келген мемлекетке бұдан асқан маңызды мейрам болмаса керек. Осындай айтулы күні мәртебелі марапатқа ие болуының символының мәні өте зор деп санаймын. Сондықтан Ақорданың төріне жиналған сіздер үшін бүгін ерекше мерейлі күн әрине.
Бұдан соң президент, қаз-қатар тізілген медальдарды өз қолымен тарту етті. Алғашқы болып награда алған Ахметжан Есімов. «Қазақстанның еңбек ері» атағын «Экспо-2017» Ұлттық компаниясының төрағасы өзінің туған күні алып отыр. Сондықтан 67 жасқа толған Есімовке бұдан асқан сыйлық жоғы анық. Дәл осындай награда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке де бұйырды. Жылқы өсіріп, егін егумен айналысатын әйгілі палуан, президент алдында кәсібінен артылған пайдамен халқыммен бөлісіп жатырмын деп ағынан жарылды.
Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның еңбек ері:
-Қазір менің істеп жатқан тірлігім, бір ауылды алып, бұрынғы Мыңбаев деген ауылды, соған газ тартқызып, соған спорт кешенін салдыртып, соған балабақшасалып, қол жетімді пәтер жасап, оны жасап жатқанымның барлығы келешек ұрпақ үшін. Үлгі болсам деймін мен. Сосын менің артымнан ерсе деймін. Менің бір арманым бар аға осы көп болса бір 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Сосын 5 мың қазақтың жігіті ауылымызды көтеріп жіберсек, одан басқа қандай бақыт керек?
Олимпиада чемпионын арқасынан қаққан Елбасы, күтпеген жерден
палуанның күшін тексеріп, қол күрестіріп көрді. Бірақ абдырап қалған Үшкемпіров жеңімпаздың есімін өзі атады.
-Бірігіп, әлі талай тауға жетеміз, шыңға жетеміз аға! Ой, ой аға, сіз мені әрқашан да жеңесіз ғой аға, рахмет!
Бірнеше мәрте кеңес үкіметінің жеңімпазы. Ешкім айтқан жоқ. Олипиаданы жеңді. Дүниежүзінің чемпионы болды. Оны да ешкім айтқан жоқ.
–Иа, біраз азаматтар байыды қалталы болды. Сол үшін мен қызмет істеп жүрмін. Енді тапқанының біразын елге берсін да сен сияқты.
-Сөйту керек.
Ал, бұдан соң, «Отан», «Барыс» , «Парасат» , «Құрмет» секілді ордендер табыс етілді. Ол 4 бірдей министр мен Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Даниял Ахметовке және Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа берілді. Саяси элитаның белді өкілдерінен бөлек, ерлігімен көзге түскен әскерилер, өнер мен спорттың сайыпқырандары да марапаттан құр қалған жоқ.
Қанат Ислам, кәсіпқой боксшы:
-Осындай елім дейтін, жерім дейтін, ерім дейтін Елбасының қолынан марапат алу мен үшін үлкен мәртебе. Ол кісі де айтып жатыр алда үлкен үміттер күтеміз жекпе-жегіңнен деп. Бұл менің алдағы қойған мақсатыма тағы бір беріліп жатқан сенім деп ойлаймын.
-Осылайша, Елбасы бас-аяғы 30-ға жуық адамға награда табыс етті. Енді олардың алған медальдары кеуделерінде жарқырап жүретін болады. Ал, Тәуелсіздік күні қарсаңында марапатқа ие болғандар Ақордадан бақыттан басы айналып шықты. Айтпақшы осы азаттықтың таңы арайлап атқан айтулы датаға байланысты елімізде төрт күн демалыс жарияланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!