Алматыда бомба қойылды деп елді дүрліктірген ОҚО тұрғыны болып шықты
Бүгін Алматының шұғыл қызметтері аяқтарынан тік тұрды. Түстен бастап даурыққан олар қаланың қақ ортасындағы зәулім кеңселердің бірін қоршап, жарылғыш іздеді. Құтқарушылармен бірге жарыса жеткен журналистерге құзырлы орындар басында оқу-жаттығу шарасы деп сендірмек болған. Сөйтсе, мерекедегі демалысын бұзып, шұғыл қызметтерді ұйқыларынан оятқан жаттығу дабылы емес, әлдекімнің бомба туралы телефон хабарламасы екен.
Автор: Асқарбек Қазанғап
19.12.2017
-Төле би мен Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы тоғыз қабатты мына бизнес орталығын 15-тен астам мекеме жалға алып отыр. Күн демалысқа дөп келгендіктен, мұнда көп қызметкер болмаған. Шұғыл хабар жеткеннен кейін іштегі 200-ге жуық адам бес минуттың ішінде тысқа ытқып шыққан.
Аумақ дереу сары жолақпен қоршалды. Полиция, арнайы қызмет өкілі мен өрт сөндірушілер де осында өріп жүр. Барлығының қабағы қату. Болған жайды айтпай, басында оқу-жаттығу өтіп жатыр деп сендіргісі келген.
Дүрбелеңнің өзі түскі 12-ден кейін басталған. Шұғыл жеткен құтқарушылар ескерту жасап, іштегілер үрке сыртқа жүгіріпті. Абыр-сабыр немен тынар деп жолдың арғы бетінде әліптің артын бақты.
Сөйтсе, бүкіл жедел қызметті аяқтан тік тұрғызған оқу-жаттығу дабылы емес, телефонмен айтылған ақпарат екен. Айтылған жарылғыш табылмады. 9 қабатты ғимаратта бомба бар деп қоңырау соққан 1995 жылғы азамат көп ұзамай ұсталды. Оңтүстік Қазақстаннан келген еш жерде жұмыс істемейтін жігіт екен . Полиция жалған ақпарат берген "телефон террорисіне" қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. . Кінәсі дәлелденсе, қомақты айыппұл төлейді немесе 6 жылға дейін абақтыға жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!