Бірнеше ай қаңырап бос қалған «Экспоға» қайта жан бітті
Астаналықтар халықаралық көрме алаңына жиналып, жаңа жылды тойлауды бастап кетті. Өйткені, бас шырша биыл дәл осы «Экспо» аумағына орнатылды. Әрі мұз қалашығы салынып, үлкен-кішінің көп жиналатын жеріне айналған. Жалпы, жаңа жыл жақындаған сайын Астана ертегілер әлеміне айналып, бас қала адам танымастай өзгерген.
Автор: Досжан Маратұлы
19.12.2017
Еліміздің бас шыршасы мекен-жайын соңғы жылдары жиі ауыстырады. Әдетте Ақорда алаңы мен сауда орталықтарына алдында жарқырайтын жаңа жылдың символы биыл «Экспо» аумағына құрылыпты. Сондықтан жаз бойы мұнда көрмені көруге асыққан жұрт енді қыс бойы осында сы рғанақ теуіп, мұз айдында көңіл көтермек.
Шамдары жарқыраған шыршаның биіктігі 25 метр. Оны безендіру үшін 6 мыңнан астам ойыншық пен 4 мыңнан астам гирлянды жұмсалыпты. Оның үстіне осы шар іспетті «Нұр әлемнің» алдына жасыл желек орнатылып қана қоймай, мұз айдыны мен қалашық салынған. Ұйымдастырушылар нағыз қызықтың осында болатынын айтып отыр.
Нарима Мұхамбеталина, Астана қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары:
-Мұз қалашығында аяз ата мен ақшақарымызды да көріп жатырмыз. Және де балалардың сүйіп қарайтын мультфильмдерінің кейіпкерлерін көруге болады. Биылғы мұз қалашығының ерекшелігі 80 метрді құрайтын лабиринт болады. Ол да балаларға ересектерге ұнайды деп ойлаймыз.
Қалашықта Эйфел мұнарасы, мұз сарайы секілді түрлі мүсіндер де бар. Биыл оларды өзіміздің шеберлер қардан қашап салыпты. Ал, шыршаның шамдары жанғаны сол еді, айнала ертегілер әлеміне айналып, жұрт жаңа жылды тойлап кетті.
Мәрия Құлжанова, Астана қаласының тұрғыны:
-Мына кішкентай немерелерімді алып келдік. Өте қуаныштымыз. Нешетүрлі конкурстар болып жатыр. Тоңған кезде мына балаларға бауырсақ шәй бар бәрі бар. Өте тамаша.
«Экспо» аумағындағы мұз қалашығында жұртқа ұнағаны әсіресе сырғанақтар. Қазір үлкен де кіші де осында жаппай көңіл көтеріп жүр. Тек, мұздың бетімен жылдам сырғанау үшін мынадай балон болса жеткілікті.
Осылайша, қала әкімдігі ит жылын дүркіретіп қарсы алу үшін барын салғаны көрініп тұр. Бірақ жаңа жылға дайындық үшін бюджеттен қанша миллион бөлінгенін шенеуніктер сол күйі ашып айтқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!