{metadescription}
Қазақ жұрты өнердегі Төлегені, өмірдегі Құманымен мәңгілікке қоштасты
Қазақ жұрты өнердегі Төлегені, өмірдегі Құманымен мәңгілікке қоштасты

Қазақ жұрты өнердегі Төлегені, өмірдегі Құманымен мәңгілікке қоштасты

Сахна саңлағын қаралы халық өзі жарты ғасырдай еңбек еткен әкем театрдан шығарып салды. Марқұмның жүрегі 72 жасында Маңғыстау жерінде тоқтаған. Дүйім жұртқа «Қыз Жібек» фильмі арқылы танылған актер театрда да, кинода да талай рөлді шыңына жеткізе сомдады. Қабырғасы қайысқан дос-жарандары бүгін соның бәрін сағынышпен еске алды.

Қазақ өнерінің қара шаңырағы қайтадан қара жамылды. Бұл жолы біртуар актер Құман Тастанбековтен мәңгілікке айырылды. Бүкіл ғұмырын өнерге арнаған тұлғаны ақтық сапарға шығарып салуға келген адамда есеп жоқ. Әріптестері мен достары, іні-қарындас, тума-туыстары мәдениет майталманы туралы естеліктерін жылап еске алды.  

Асанәлі Әшімов, ҚР халық артисі:

- Жақсы адамнан ғана жақсы актер шығады. Жаман, ұры адамнан өмірі жақсы актер шықпайды. Құманның жаны кіршіксіз таза болатын. Өтірік, өсектен аулақ болатын.

Еліміздің әр өңірінен жиналған атқамінерлер де осында. Қазаға қайғырған елбасы да марқұмның жақындарына хат жолдапты. Оны бүгін Мәдениет министрі оқып берді. Артынша актердің сүйегі жанындай жақсы көрген сахнасына соңғы рет көтерілді. Сөйтіп көпшілік Құманды нағыз әртіске сай құрметпен шығарып салды. Марқұмның атын шығарған «Қыз Жібек» фильмі болатын. Ол Төлеген рөлі арқылы халықты баурап алды. Әрі туындыдағы Қыз Жібекпен өнерде де, өмірде де жарасым тапты. Аяулы жары Меруерт Өтекешова екеуі жастар үшін баянды махаббаттың үлгісі бола білді.

- Жанарыңда сенің, жатыр екен менің тағдырым.

Сахна саңлағы жеңіс туы желбіреген жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ал, дәм-тұзы Маңғыстауда таусылды. Ол жүрек соғысын 3 күн бұрын тоқтатып, қалың қазақты жоқтатып кетті.

Есмұхан Обаев, ҚР халық артисі:

- Ол кісі сол жақта үлкен бір туыстық парызын өтеймін деп,туысының тойына барған, жастарға батасын берген. Содан кейін сол жүрек деген жарықтық, бірден ұстаған болуы керек.

Құман Тастанбеков Төлеген рөлінен кейін де биіктей берді. Кинода да, театрда да түрлі рөлдерді сомдады. Қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Жас әртістерге тәлім берді. Еңбегі еленіп, актер Қазақстанның халық артисі атанды. «Құрмет» орденінің иегері болды. Десе де, замандастары қолда барда алтынды өз деңгейінде бағалай алмадық деп күйінеді.

Нұртілеу Иманғалиұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

- Құманның мәңгілік өмірі басталды деп жатырмыз ғой. Бірақ, біз тірісінде қаншалықты бағаладық деген сұраққа жауап таба алмай жүрмін де мен. Біз Абай айтпақшы өмірден озғанының жаманы жоқ, тірі жүргенде жақсысы жоқ елміз.

Дос жарандары марқұмның атына көше беріп, есімін ұлықтау мәселесін көтерді. Билік тұтқасын ұстағандар да мұны құптағандай.

Құман Тастанбековтің жарқын бейнесі мәңгі есте. Қазақ өнері барда, ол ешқашан ұмытылмайды.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде