{metadescription}
Алматыда әйгілі зообақ есепшісінің соты айқай-шумен аяқталды
Алматыда әйгілі зообақ есепшісінің соты айқай-шумен аяқталды

Алматыда әйгілі зообақ есепшісінің соты айқай-шумен аяқталды

Бақтан бақандай 32 миллион теңге жымқырды деп айыпталған келіншек енді 7 жылын түрмеде өткізуі тиіс. Тергеу мәліметіне сәйкес, бухгалтер сатылған билеттердің ақысын бір жылға жуық олжалап келген. Десе де, Марина Назарованың өзі кінәсін сол күйі мойындаған жоқ. Ал онсыз да былығы бастан асатын зообақта ақшаның жоғалуына есепшінің қатысы жоғын айтып азар да безер болған туыстары судьяны тура сот залында сыбап салды.

5 ай бойы қаралған іске бүгін бас-аяғы 5 минутта нүкте қойылды. Аң-құстың аузынан жырып ақша жеді деп айыпталған әйелге судья 7 жыл кесті.  

Фарух Омаров, судья:

-Назарова Марина Анатолийқызы 7 жылға бас бостандығынан айырылсын. Дүние-мүлкі тәркіленсін. Сонымен бірге, Назароваға бостандыққа шыққан күннен бастап 5 жыл бухгалтерлік есепке қатысты салада қызмет істеуіне тыйым салынсын.

Соттың үкіміне келіншектің көлдеткен көз жасы да әсер етпеді. Ал ұрланған ақшаның сол күйі табылмауына байланысты оның ақталатынына сенімді болған туыстары үкімді ести сала судьяны сыбап салды.Соттағы дәйекке сәйкес, Назарова зообақ ақшасын бір жылға жуық ұрлап келіпті. Яғни, компьютердегі мәліметтерді өшіріп, билеттерден түскен қаржыны қалтаға басқан. Сөйтіп, тура бір жылдан кейін жұмыстан кетіп қалған екен. Алайда, ұрланған ақшаның орны артынша үңірейіп шығып, көп ұзамай келіншектің қолына кісен салынған. Ал, сотталған әйелдің туыстары ондай ақшаны көрмедік деп отыр.

Валерий Назаров, сотталушының күйеуі:

-Кінәлі болса, ақша қайда? 32 миллион қайда? Ондай ақша бізде болған емес! Өмірімде көрген емеспін? Үкіммен келіспеймін! Апелляцияға беремін! Әйелімнің кінәсі жоқ! Ақшаны ол алған жоқ!

Айтуларынша, тұрмыстық жағдайы тым төмен. Ал жоғалған ақша іздеп үйіне тінтіп барған тергеушілер үйінен тіпті іліп аларлық дүние таппаған. 

Владимир Кругов, сотталушының туысы:

-Олар қуықтай ғана екі бөлмелі баракта тұрады. Күнін әрең көріп жүр. 32 миллионды алса ендеше неге тұрмысын жөндеп алмады? Маринадан басқа кассаға тағы 5 есепші жауапты болған. Неге солар сотқа тартылмады? Ақша ұрлығына неге оларды тергемеді? Күдік көп бізде.

Қалай болғанда да есепші жегенін қайтарып беруі тиіс. Оған 7 жыл кескен судья сол 32 миллион 700 мың теңгені соңғы тиынына дейін қалдырмай зообаққа өтеп беруді міндеттеді. Айта кету керек, бұл оқиға аты-шулы Қанат Кәрімовтың директорлығы тұсында болған. Басынан дау арылмаған басшы аң-құстары арам қата берген соң ақыры қызметінен кетіп тынған болатын.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде