Алматы облысында 7 жасар баланы қағып, мерт қылған жүргізуші бостандықта жүр
Жеткіншектің жақындары істің сотқа жетпей, байбына бармай жабылғанына ашынады. Айтуларынша, Қарасай аудандық ішкі істер басқармасы апат куәгерлерін шақырып мән-жайды анықтамапты. Қыршын кеткен ұлдың өлімі сұраусыз қала ма деген ой оларды дел-сал күйге түсірген.
Автор: Асқарбек Қазанғап
20.12.2017
Жасындай жарқ етіп үлгермеген жеті жасар Бақдәулеттің өмірі тамыздың соңында осы Қонаев көшесінде үзілді. Сол күні іргеліге қонаққа ертіп келген әжесі есеңгіреп, өз-өзіне әлі келе алмай жүр. Көз алдында қаққан жүргізушінің әлі күнге жазаланбауынан өзектерін өкініш өртейді. Тергеу қорытындысы бойынша джипті тізгіндеген азаматтың жылдамдықты асырмағаны жазылған. Бірақ, мына видеода қарағанда жолдың ортасымен ойқастаған көліктің жүйткімегеніне сену қиын.
Дәлелхан Ерлан Бақдәулеттің атасы
-Тауық соқса да сұрауы бар ғой. Судың да сұрауы бар. Не сұмдық? Бір рет сотқа шақырмай ма? Бізді неге шақырмайды? Заң қайда? Заңға біз үлкен сеніп отырдық. Кінәлі кісі, Тойчиев Фарух алдымызға келген де жоқ. Жауапқа тартып берсін.
Апат орнын зерттеген полицейлер жүргізуші кінәсіз деген қорытындыға келген. Осылайша, баласынан айырылып ботадай боздаған ата-ана арызы бойынша қозғалған іс сотқа жетпей жабылды.
Көбейхан Нұрахмет Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Жүргізушінің әрекетінде қылмыс болмағандықтан істі тоқтату туралы қорытындығы келген. Қазір бұл шешімнің заңдылығын тексерту үшін қылмыстық іс прокуратураға жолданды.
Ал, ұлдарын жоқтағандар баланы басып өлтірген жүргізушінің әрекетінде қалайша қылмыс жоқ деп аң-таң. Жеті жасар жеткіншектің өлімін бей-жай қалдыратын ол қандай заң деген де зарлары жоқ емес.
Нағашыгүл Далыбаева, Бақдәулеттің әжесі:
-Әділдік іздейміз жарығым. Барлығыңыздың бала-шағаңыз бар ғой. Көмектесіңіздер. Тергеуші де , жауап берсін, қалай істі жапты жан-жақпен таныстырмай, сұрамай, білмей.
Жас та болса өнерге құштар болған Бақдәулеттің бұл соңғы видеоларының бірі. Қапелімде қара жамылған ата-ана кішкентай Бақдәулеттің өзі әнге қосқан жұлдыздардай ағып түскеніне әлі сенбейді.
-Қайғыдан қан жұтқан отбасы қазаға кінәлі жазасыз қалмауын қалайды. Бала өлімі орын ала тұра қылмыстық әрекет жоқ деп жабылған іс қайта жанданбаса, айыпты кінә арқаламаса жанайқайларын бас прокуратураға дейін жеткіземіз деп бекініп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!