Өскемендік экологтар қаланы басқан түтінді кәуапханалардан көрді
Ал, өскемендік экологтар қаланы басқан түтін себебін Исекешов секілді көліктерден емес, кәуапханалардан көрінеді. Яғни, 20 күннен астам уақыт жел түгілі жеңіл самал да еспеген шаһардың ауасын зерттеген экологтар осындай ұйғарым жасапты. Бұрындары мұндай жағдайға автокөліктерді, көмір жағатын жер үйлердің иесін, алып кәсіпорындарды кіналайтан мамандардар осы жолы сейілмей тұрған түтін үшін қоғамдық тамақтану орындарын айыптап отыр.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
20.12.2017
Өскемен осындай түтінге жиі оранады. Әсіресе, қатты аязды күндері жер үйлердің тұрғындары көмірді аямай жағады екен. Оған шаһардағы алып кәсіпорындарды қосыңыз. Үш аптадан бері үп еткен желдің де болмауы қалалықтарды қажытса керек. Ауаның құрамын зерттеген экологтар осы жолы мұнда сейілмей тұрған түтінге кәуапханалар кінәлі деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол ол ма, мамандардың айтуынша, бұл түтіннің адам ағзасына да қаупі көп екен.
Геннадий Корешков, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:
-Қуырылған еттің өзі адам денсаулығына зиян. Ал еттің майы көмірге тамып, одан шыққан түтін ауаға тарағанда концерогендік улы заттар шығарады. Онымен сіз бен біз дем аламыз. Сондықтан мұндай қоғамдық тамақтану орындарын қала сыртына шығару керек деген ұсыныс жасап отырмыз.
Экологтардың бұл шешімін естіген кәуапхана иелерінің төбе шаштары тік тұрды. Өз кәсіптерін қаланың сыртына шығару деген сөз бизнесті құртумен тең дейді олар. Ешкім көмірге піскен ет жеу үшін арнайы қала сыртына бармайды. Кәуап жасайтындардың сөзіне сенсек, қазіргі әдіс бойынша етті отқа қақтағанда ауаға түтін шықпайтын көрінеді.
Антон Ионов, кәсіпкер:
-Қаладағы дәмханалар ары кетсе күніне 100 дана ғана кәуап жасайтын шығар. Осының кесірінен шаһардың ауасы ластанып қалды деген ақылға қонымсыз ғой. Эколгтар неге алып кәсіпорындарды есепке алмайды? Қыс бойы ауада көлігін қыздыратын жүргізушілерді неге жазалмайды? Бізге неге шүйліккенін өзіміз де түсінбей отырмыз.
Ал әкімдіктегілер экологтардың ұсынысы жайында ештеңе естімепті. Шаһардағы кәуапханаларды қала сыртына шығару туралы ешқандай ұсыныс түспеді, сондықтан дәмхана иелерінің даурығатындай жөні жоқ деп сендірді олар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!