Сағынтаев қағазбастылықты шеше алмаған шенеуніктерді сынға алды
Жарнамасы жаңғырған "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасының орындалу барысына премьердің көңілі толмады. Технологиялар күн санап дамып жатқанда, біздікілер 3 жылдық жоспар құрып алып, қарап отыр дейді Сағынтаев. Жауапты министрлік те электронды үкімет ұсынған 206 қызмет түрінің он пайызы тіпті қажетсіз екенін анықтапты. Ал қажетті қызмет түрлері керісінше кенже қалып отыр.
Автор: Азамат Алдоңғаров
20.12.2017
-Қазақстанда құжаттар әне-міне электронды форматқа көшуі тиіс еді. Кезекті реформа тағы тоқырауға ұшырағаны ма?
-Шынымен, шенеуніктердің қағазбастылықтан арылуы қиынға соғып отыр. Министрліктер ИСИДО деп аталатын электронды құжат алмасу бағдарламасын қолданғанымен, ескіше бір парақ қағазсыз қозғалмайтын басшылар баршылық деді Дәурен Абаев.
Бірақ Үкімет үмітсіз емес. Десе де істің бәрі тағы сол қағаз жүзінде. Азаматтарға арналған үкімет пен Ішкі істер министрлігі көлік рәсімдеуді жеңілдетуге тырысып жатқан көрінеді.
Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы:
-Көлік сатып алу келісімшартын электронды форматқа көшіруді көздеп отырмыз. Азаматтарымыз мемлекеттік нөмір таңдап, ол үшін онлайн ақша төлейді. Халыққа қызмет көрсету орталығына тек келіп, көлік мәлеметтерін тексерту ғана қалады. Бұл қызметті бәсекелі ортаға беру жоспары да бар. Техпаспорт пен нөмірді тіпті Қазпошта арқылы мекен-жайға жіберуге болады. Жоспар бойынша көлік рәсімдеу әрі кетсе 20 минутты алады.
Бірақ бұл жоспар да екі жылсыз іске аспайды. Еске салсақ, Елбасы цифровизацияны қолға алуды жыл басында бұйырған. Сол бұйырғаннан шенділер 2017-2019 жылдарға жоспар құрып тастап ауыз толтырарлық нәтижеге жете алмай отыр. Мәселен баланың туу туралы куәлігін электронды түрде рәсімдеуді жыл ішінде шеше алмаған шенеуніктер жыл бітуге он күн қалғанда қатырамыз деп уәде берді. Мүгедектікті онлайн рәсімдеу де ілгері баспай тұр. Ал уәдеге Бақытжан Сағынтаев әбден тойған сынды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
–Ол өзі мүгедек, аяқ-қолы жоқ, қалай сонда?Бүкіл дүниеге баяндадық, "Цифрлы Қазақстан" деп. Ал жарым жан адамдарға қызмет көрсетуді соңына ысырып қойып отырмыз. Дұрыс па осы, жоқ, менің ойымша дұрыс емес.
-Азамат, Қазақстанды цифрлеуге не қол байлау болып тұр сонда?
-Бұл сұрақтың көңілді тоқ қылар жауабы жоқ. Вице-премьер Асқар Жұмағалиев заң қабылдау керек деп сылтауратқысы келіп еді, Сағынтаев орынбасарының сөзін бөліп тастады. Себебі Үкіметтің қолына бар билік пен мүмкіндік берілген. Премьердің сыны шенеуніктерді серпілтеді ме, жоқ па, бірақ Елбасы қойған міндеттерді орындау керек. Бастысы сапалы түрде орындау деді Үкімет басшысы
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!