Алматы облысында жолаушылар пойызды далада күтуге мәжбүр
Алматы облысындағы Үштөбе темір жол бекетінде жолаушылар қақаған қыста пойызды бүрсеңдеп далада күтуге мәжбүр. Жөндеу жұмыстарына байланысты бүгінде бекетке жан баласын жақындатпауда. Билетті қып-қызыл ақшаға сатып алған тұрғындар жолаушыларға ешқандай жағдайдың жасалмағанына наразы. Теміржолшылар болса жаңа жылға дейін бәрін қалыпқа келтіреміз деп ан су ішуде.
21.12.2017
Үштөбе станциясының салынғанына бір ғасырға жуықтаған. Отызыншы жылдары Түркісіб теміржолы бойында пайда болған бекетке тоқсан жылдан соң бірінші рет күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бірақ қыстың көзі қырауда теміржолшылардың бекетті жауып тастауы тұрғындардың ашуын туғызып отыр. Олар енді аязда пойызды далада күтуге мәжбүр.
-Біресе анда, біресе мұнда жібереді. Билетті қайда сататынын білмей сандаласың. Жаңа жылға дейін ашады дейді. Бірақ мына түрлерімен ашпайтын сияқты. Жолаушылар жылы жерде отыру керек. Олар билетті сатып алды.
-Қонақ үй жоқ. Ресейден келген туристердің далада жаурап қайда барарын білмей тұрғанын көрдім. Вогзалдың түрі болса мынау.
Әйел: Қарапайым халықпен ешқашан санаспайды ғой. Біздің ойымызша ол дұрыс емес. Ары бері жүретін жолаушыларға қиын. Баратын жері жоқ.
Бұл жерде жөндеу жұмыстары қыркүйектің соңында басталған. Күн суытқанда теміржолшылар жолаушыларға жағдай жасаймыз деп күлкіге қалғаны ел есінде. Олар шатыр тігіп, кейін әлеуметтік желіде мазаққа айналған соң, оны алып тастады.
Гауһар Саттыбаева, бекет кезекшісі:
-Бізде негізінен адамдар түнгі уақытта көп болады. Себебі пойыздардың басым бөлігі 12-ден кейін жүреді. Бір тәулікте 11 жолаушылар пойызы өтеді. Негізі қыста жолаушылар төртжүзден жүзге дейін азаяды. Оларға амалын тауып шыдай тұруына тура келеді.
Құрылысшылар барлық жұмысты 31 желтоқсанға дейін бітіріп, өткізу керек. Олар ескі сылақты құлатып, қабырғаларды түзеген. Енді төбе мен еденді қалыпқа келтіріп, есіктерді қойып, түгелдей сылап шығу қалды. Осы жұмыстардың 10 күннің ішінде бітетініне мердігер компанияның өзі сеніңкіремей отыр.
Дархан Құрманғалиев, мердігер компания басшысы:
-Өздеріңіз көріп отырсыздар ғой бұл жәй ғана ағымдағы жөндеу емес. Күрделі жөндеу. Біріншіден бұл бекет 1930 жылы салынған. Өте ескі. Екіншіден күту залында толықтай жұмыс қызып жатыр. Біз оны тоқтата алмаймыз. Бұның бәрі бітпей жатып мен қалай жолаушыларды кіргізем.
Жолаушылар құқығының аяқ асты болып жатқанын көре тұра көлік прокуратурасы Үштөбе бекетіндегі жағдайға қатысты қандай да бір шара қолдануға асығар емес. Олар құрылыс кезінде пойыз күтушілерге басқа бір ғимарат қарастырылсын деген мәселе еш жерде көрсетілмеген деп қарап отыр. Демек, жолаушылардың жөндеу аяқталғанша жолға қалың киініп шығып, пойыздың уақытылы келуін тілеуден басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!