Шымкентте оңтүстіктің ең бай кәсіпкерінен 7 миллион долларды не үшін бопсалағаны айтылды
Қазақстандық «Форбстың» тізімінде 18-ші болып тұрған бизнесмен Серікжан Сейітжановтың былығын бұқаралық ақпарат құралдары мен ғаламторға жарияламас үшін 7 миллион долар сұраған Бөкейхан Қайыпназаров бүгін сот алдында жауап берді.
Автор: Бек Әбиев
21.12.2017
90-шы жылдардың соңында өзі де бизнесмен болған айыпталушы Сейітжановтың 24 миллион теңгелік қарызын жапқан екен. Осылайша қарыздар болып қалған қазіргі олигарх бір жылдан соң Шымкент орталығындағы бір ғимарат пен таксопаркті Қайыпназаровтың сенімді өкілінің атына жазып құтылыпты. Алайда алашағын сенімді өкілінен ала алмағаннан оның фирмалары банкротқа ұшырап, өзі қыруар ақшадан айырылған. Араға 20 жылдай салып, бұрынғы 24 миллион теңгесі мен Сейітжанов туралы білетін былығын 7 миллион долларға бағалаған Бөкейхан Қайыпназаров танымал бизнесменнен сол қаржыны талап етіпті. Бермесе, оның өзі мен отбасы туралы материалдарды жаһанға жария етемін деп қорқытқан көрінеді. Олигарх әрі облыс мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанов болса өзі ұстап берген ескі танысын кешіремін деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!