Зардап шеккендерге алғашқы көмекті қалай көрсету керек?
Алғашқы көмек көрсетудің өзіне сауат керек. Өзгені құтқарам деп өз өмірін бәске тігуге болмайды. Ұлттық оқу-клиникалық орталығы біреуге көмек көрсету үшін де тәртіпке бағыну қажеттігін ескертіп отыр. Әлемде жыл сайын миллионнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның 80 пайызы куәгерлердің көз алдында болады екен. Бірақ, сондай жағдайда не істеу керектігін көп адам жетік білмейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.12.2017
Мына көріністе жол апатына ұшыраған жолаушыларды жедел-жәрдем келгенше журналистер өз бетінше құтқарып көрмек болды. Әдетте кинодан көрген әдіс-тәсілдерін қолданып, бірі қансыраған, бірі өлім аузында жатқан адамдарға тұра ұмтылған. Бірақ, абыр-сабырмен әлектенген әрекет дұрыс болмай шықты. Өйткені, құтқарушы адам бірінші кезекте өз қауіпсіздігін ойлау керек. Сосын алдымен көмек көрсетуге рұқсат сұрап, тек содан кейін ғана құтқару қызметіне кірісу керек екен. Құтқару шараларының да өзіндік тәртібі бар. Жалпы, мұның бәрін үйрену үшін екі күндік арнайы сабақ алу қажет. Адам жанын арашалау абыройлы іс болғанымен, ережеге жүгінбесе, жапа шегушілер қатары көбеюі мүмкін дейді мамандар. Сол үшін жұртты алғашқы көмек туралы дәріс алуға шақырып отыр.
Өмірғали Кенжебекұлы, Ұлттық оқу-клиникалық орталығы Алматы қалалық филиалының директоры:
-Биыл 9 мыңдай адамды оқыттық. Оның ішінде 3 мыңының медициналық білімі жоқтар. Оның ішінде жедел-жәрдемнің жүргізушілері бар, үлкен тау-кен компанияларының қызметкерлері бар. Биыл біз үлкен іс бастадық деп білем. Дене шынықтыру пәнінен беретін мұғалімдерді үйреттік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!