Астанада Сирия келіссөздері келіспеушіліктен басталды
Сирия бойынша астаналық келіссөздердің сегізінші кезеңі жабық есік жағдайында жалғасып жатыр. Кездесуге келген барлық тараптар күн ұзақ өзара түрлі форматтағы мәжілістер өткізді. Кепіл үш мемлекет Сирияның болашағын айқындайтын конгресс қатысушыларының тізімін өзара келістіре алмай әлек. Ресей алқалы жиынға Демократиялық одақ күрдтер партиясынан өкіл қатысуы тиіс десе, Түркия мен Иран үзілді-кесілді қарсы.
Автор: Азамат Алдоңғаров
21.12.2017
-Осы сағатта келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Оның түнге дейін созылатыны анық. Әзірге тараптардың қандай келісімге келгені белгісіз.
Бұған дейін бір үстел басында отырмақ түгілі, тұтас елді тарсынып, сыйыспай жүрген Сирия үкіметі, қарулы оппозициясының сөзге келуінің өзі үлкен жеңіс. Ал жалпы алғанда дағдарыстың түйіні тарқайтын күн де алыс емес сынды. Қазақстан бұл тартыста диалогқа алаң ұсынушы ғана болғандықтан, жабық есік жағдайындағы жиындарда айтылғандардың барлығын біздің шенеуніктер өкінішке қарай тәптіштеп айта бермейді.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ ресми өкілі:
–Бүгін тараптар сарапшыларының екіжақты және көпжақты кездесулері өтіп жатыр. Жалпы отырыс ертең өткізіліп, оның барысында кездесудің нәтижелері қортындыланатын болады.
Сегізінші келіссөздің күнтәртібінде негізгі екі сұрақ бар. Бірі деэскалация аймағын минадан тазартып, тұтқын алмасу, жоғалған азаматтарды іздестіру болса, екіншісі Сочидегі конгрестің күнтәртібін бекіту. Делегаттар соңғы сұрақта мәмілеге келе алмай отыр.
-Азамат, ал жалпы ертеңгі негізгі мәжіліске дейін тараптар бітімге келуі мүмкін бе?
Тараптардың бітімге келуін күллі әлем кірпік қақпай бағып отырғаны анық. Бір қызық дерек, астаналық процесстің барлық делегаттары бір қонақ үйде тоқтаған. Тіпті оппозиция БҰҰ-ның өкілдерімен кездеседі деген ақпарат тарап жатыр. Жиырма адамнан асатын қарулы оппозицияны Сирияның «уақытша үкіметі» аталған топ жетекшісі Ахмет Тома бастап келді.
-Ал БҰҰ-ның бас хатшысының арнайы өкілі Стаффан де Мистура Астанаға ертең таңертен келеді дейді біздің сыртқы ведомство. Тараптар түні бойы келіссе де ертеңгі жалпы отырысқа Сочиде өтетін Сирия халықтарының ұлттық диалогы конгрессіне қатысушылардың тізімі бекітілуі тиіс. Ал Сирияның бүгінгі ахуалына келетін болсақ, Ресей мен АҚШ күш біріктіріп, террористердің бақылауында болған аймақтарды жүз пайыз қайтардық, содырлардың көзін жойдық деп, аталған мемлекеттердің президенттері жарыса мәлімдеген еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!