Маңғыстауда Каспий теңізіне құлап кеткен сарбаз табылмай жатыр
Маңғыстау облысында Каспий теңізіне құлап кеткен матрос 10 күннен бері табылмай жатыр. 22 жастағы сарбаздың туыстары оны іздеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына наразы. Шекарашы Бейбіт Бәшіковтің әскери кемеден қалай түсіп қалғаны да беймәлім. Сондықтан жоғалған жігіттің жақындары осы оқиғаны жан-жақты тексеруді талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
21.12.2017
Су көліктерінің күшімен Бейбіт Бәкішов судың бетінен де, астынан да іздестірілуде. Бірақ он күннен бері әлі нәтиже жоқ. Осы көктемде Шығыс Қазақстан облысынан әскер қатарына шақыртылған сарбаз өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгерген. Енді үш айда оның азаматтық борышын өтеу мерзімі аяқталып, үйіне қайтуы тиіс еді.
Гүлнар Бәшікова, Б.Бәшіковтің анасы:
-11-ші желтоқсанда жоғалып кетті. Сондан бір күн бұрын сағат 11-лер шамасында ұялы телефонына бірлік салып жібергенмін. 11-інде ол маған тағы телефон шалып, екі сағаттан соң теңізді барлауға шығатынын айтқан. Өзі таңертең қоңырау телефон соғаиын деген еді. Бірақ маған ол уақытта әскери комиссариаттан хабарласты.
22 жастағы сарбаз түнгі кезекшілік кезінде борттан суға құлап кеткен. Бірақ туыстарының көкейінде матросты қасақана суға итеріп жіберді ме деген күдік бар. Ал жауынгердің теңізге батып бара жатқанын боцман көрген екен. Бірақ оны құтқаруға мұршасы болмаған.
Рүстем Бәшіков, Б.Бәшіковтің ағасы:
-Ол дабыл көтеріп, сосын Бейбітке құтқару шеңберін лақтырған екен. Бірақ шеңбер оған жете қоймаған. Боцман «бері қарай жүз»- деп қатты айғайлапты. Алайда биік толқындар оны алып кеткен. Боцманның үстінде құтқару жейдесі болған. Суға түсіп көмек берсе, шығарып алу мүмкіндігі бар еді ғой.
Ал әскерилер болған жайтқа қатысты мардымды жауап бере алмады. Тек іздеу жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеді.
Оксана Парпура, ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз хатшысы:
-Іздеу жұмыстары бірден басталып, оған бар күшімізді жұмсадық. Әскери кеме, авиация, катерлер, сүңгуірлер бәрі жұмылдырылды. Қорғаныс министірлігінің әскери-теңіз күші де тартылды. Тіпті мұнай компаниялары мен еріктілер де көмек қолын созды.
Болжам бойынша, қайғылы жағдайға күн райының қолайсыздығы себеп. Бірақ оқыс оқиғаның жай-жапсары тергеуден кейін нақты белгілі болады. Ал тергеу жұмыстарын бастау үшін, алдымен матростың мәйіті табылуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!