Оңтүстікте пара алған шенеунік сотта жауап берді
Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасын басқарған Болатбек Төлегенге қатысты сот отырысы басталды. Күнгейдің бұрынғы бас идеологы екі жарым ай бұрын тендердің 30 пайызын пара ретінде аламын деп қолға түскен болатын.
Автор: Бек Әбиев
22.12.2017
-ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген жеке басына мүліктік пайда табу мақсатында жеке кәсіпкер Есжановтың жеңімпаз боп танылған қызметтік жұмыстарына қаралған барлығы 7 миллион 560 мың теңгенің 30 пайыз суммасын, яғни 2 миллион 100 мың теңгені пара ретінде алу қылмыстық ойы пайда болған.
Басқарма басшысы оңтүстіктің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін жария ету үшін бұрын облыс әкімдігінде істеп, кейін блогер атанған Ибраһим Есжановқа 7 жарым миллиондық тендерді жеңуге көмектескен көрінеді. Бірақ 30 пайызын дереу жеткізуді талап еткен Болатбек Төлеген әуелі бір жарым миллионын өз қызметкері арқылы алса, қалған 600 мыңды алу кезінде қиындық туған. Жеңген кәсіпкер қалғанын бергісі келмей, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына шағым түсіреді. Сөйтіп, дәл осы 600 мың теңгені алу кезінде қолға түскен 37 жастағы экс-шенеунік «қорқыту арқылы пара алу» бабы бойынша айыпталды. Сот барысында өзін түсірмеуді және тілшілерді қатыстырмауды сұраған Болатбек Төлеген мүлдем кінәлі емеспін деп отыр. Айта кетсек, осыған дейін ешқандай көкесіз көтерілдім деп сұхбат беруді сүйетін ол басқарманы 1 жыл үш ай басқарды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!