Алматыда егіз ұлдарын өлтірген қатыгез ана соңғы сөзін айтты
Егіз ұлдарын қинап өлтірген ерлі-зайыптылар ісіне нүкте қойылмақ. Бүгін қос күдіктінің соңғысы, марқұм сәбилердің анасы Алла Волченко соңғы сөзін айтты. Ал, 1 жасар сәбилерді өз қолымен тұншықтырған әке өмір бойғы түрме жазасын арқалауы мүмкін.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.12.2017
Негізі Өзбекстан азаматы қылмысын мойындап, қолмен істегенін, мойнымен көтеруге әзір болды.Тек әйелі соңына дейін өзін ақтап алу үшін барын салды. Ол бүгін соңғы сөзінде де Эмильдің арам ойынан бейхабар болғанын қайталап өтті. Сондай-ақ, судьяның алдында егіздерді шексіз жақсы көрдім деп ағынан жарылды. Тіпті, қазаға қайғырып, әлі өз-өзіне келе алмай жүрген көрінеді.
Алла Волченко, айыпталушы:
- Балалар менің бақытым. Оларды тезірек көргім келіп, жұмыстан соң үйге асығатынмын. Мен ұлдарым үшін бәріне дайын болдым. Егіздер мәңгі менің жүрегімде. Азаматтық некедегі күйеуімнің арам ойы туралы білгенімде, бұған көз жұма қарамас едім.
Бірақ, тергеу кезінде Алла Волченконың қылмысқа қатысы бары айқын дәлелденген. Сондықтан, қанша ақталса да, 19 жыл түрме жазасын арқалауы мүмкін. Соңына дейін әйелін ақтаған Гильмутдиновтің де , ақтық демі таусылғанша бостандық көрмеуі кәміл. Яғни, прокурор осындай жаза сұрады. Ал, мүліктерін тәркілгісі жоқ. Прокурордың сұрағаны да осындай жаза болатын. Ерлі-зайыптының балаларды бағудан шаршап, көзін жою туралы өзара келіскендерін еске салайық.
Әрі қылмысқа екеуі тыңғылықты дайындалған. Ол үшін арнайы пәтер жалдап, Эмиль Гильмутдинов бейкүнә сәбилерді бірінен соң бірі тұншықтырып өлтіреді. Ал, бұл кезде безбүйрек ана үлкен ұлмен жайбарақат қыдырып жүрген. Арам пиғылдарын жүзеге асырған соң, қылмысты жасыру үшін ересектер пәтерден пәтерге көшіп жүріпті. Мәйіттер қыркүйектің он екісінде уақытша пәтерлердің біріндегі тоңазтқыштан табылды. Тіпті, бұлар 2 жастағы үлкен ұлдан да құтылмақ болады.
Сөйтіп, оны көше ортасына қараусыз қалдырып кеткен болатын. Қайта бүлдіршінді полицейлер дер кезінде тауып алды. Қазір ол балалар үйінде. Өткен сот отырысында прокурор жазықсыз ұлды түбегейлі қамқоршылық органдарына беруді сұраған. Бүгін кешке дейін істің нүктесі қойылып, қатігез ата-анаға үкім шығуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!