Астанада Сирия келіссөздері кезінде тараптар қандай келісімге келді?
Дәл осы сағатта Сирия тағдыры таласқа түскен «Астана сегіз» келіссөздері қортындыланып жатыр. Өте күрделі диалог кезінде тараптар абырой болғанда келісімге келді. Сочиде өтуі тиіс конгресстің күні мен күнтәртібі бекітіліп, дау болған қатысушылар бойынша да біржақты шешім бар. Бітімгерлер қазақ жерінде енді 2018-дің ақпанында қайта жүздеседі.
Автор: Азамат Алдоңғаров
22.12.2017
-Сегізінші келіссөздер екі күн қатарынан есікті тарс жауып, бас көтермей ақылдасқан мәжіліс болды. Кеше делегаттардың ешбірі журналистер алдына шыққан жоқ. Бүгін де БАҚ өкілдері құнды ақпарат күтіп, қонақ үйдің кіреберісін аңдыды.
Тек кешкі бестен кете ақпарат құралдарын мәжіліс залына кіргізетіні белгілі болды. Ұзақ келіссөздерден кейін жүрек жалғап алған делегаттар, келіссөздер үстеліне қайта отырып, Сыртқы істер министріміз Қайрат Абдрахманов кепіл мемлекеттердің үндеуін оқыды.
Қайрат Абдрахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
-Үш кепіл мемлекет конгрестен бұрын Сочиде қаңтардың19-20-сында кездеседі. Кепіл мемлекеттер конгресті Женевадағы БҰҰ-ның келіссөздерін нәтижелі етуге жақсы негіз деп есептейді. Сондай-ақ тұтқын, қайтқан адамдардың денелерін алмасу, жоғалғандарды іздеп, анықтау жұмысын реттейтін топ құру туралы келісімге келді. Юнеско-ның қорғауындағы нысандар минадан тазартылады. Сонымен қатар астаналық келіссөздер кезінде бекітілген деэскалация аймағында оқ атпау тәртібінің сақталуы қадағаланады.
Ал Сирияның қарулы оппозициясы Астана келіссөздерінің тоғызыншы кезеңінде қамауға алынғандарды босатуды талқылағысы келеді. Бұл дегеніңіз дағдарыстың салдарын реттеу. Сирия халықтарының ұлттық диалогы конгрессіне мың жарымға жуық адам қатынасатынын Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары Джабери Ансари мәлімдеді. Оның ішінде Сирия халқының түрлі топтарынан өкіл болады. Бір анығы ұлттық конгресске ақыры Демократиялық одақ күрдтер партиясынан делегат қатыспайды. Ал Сирияның өз ішіндегі жағдайға келсек, соңғы ақпарат бойынша ол жақта да соғыс салдарын реттеу ісі жүріп жатыр. Содырлардың қолында болған қалалар толық қайтарылған.
- Дағдарыстың толық реттелу жолындағы айтулы екі датаны тағы еске сала кетейін. Сочидегі конгресс қаңтардың 29-30 күндері өтеді, одан соң Женева келіссөздері бар, ал Астанада делегаттар келер жылдың ақпанының екінші жартысында жиналуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!