Ертегі әлеміне жетелеген қойылым
Ресейдің әртістері Алматы оқушыларына Чайковскийдің «Щелкунчик» қойылымын тарту етті. Әйгілі өнер туындысын тамашалауға балалар үйі мен аз қамтылған отбасылардан бас-аяғы 800 дей бүлдіршін жиналды. Ал, қойылымының алдында танымал театр әртістері өз өнерлерін паш етті. Тұңғыш президент қоры балаларға осындай жаңа жылдық ертегіні сыйлады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
26.12.2017
Опера театрында ине шаншар орын жоқ. Балалар үйінен келген, көздері мөлдіреген бұл бүлдіршіндер алғаш рет осындай қойылымды тамашалап отыр. Естерінде көпке дейін қалары сөзсіз. Оның үстіне сахнаға мүйізі қарағайдай балеттің майталмандары шықты. Мария Семеняченко мен Дмитрий Соболевский бұрын Қазақстанда өнер көрсетпеген. Тұңғыш Президент қоры оларды арнайы шақырды.
Мария Семеняченко, Ресейдің үлкен театрының жетекші солисті:
-Меніңше, балалар үшін қойылым қоюдың өзі үлкен қуаныш. Қанша жерден дайын болғанмен, сахнаға шығардың алдында қобалжисың. Көрерменге тек жақсы әсер қалдырғың келеді. Балалардың да өмірі дәл ертегідей болуын тілеймін.
Сиқырға толы екі сағаттық қойылымға дайындалуға әртістердің тек бір тәулігі болған. Осы уақыт аралығында сахнаға бой үйретіп үлгеруі керек. Басты мақсат-жас көрерменнің көңілінде шабыт құсын қанат қақтыру.
Дмитрий Соболевский, Мәскеудің академиялық музыка театрының премьері:
-Біздің мақсат, әрине оларға жаңа әлем, жаңа әсер сыйлау. Сол арқылы бастан кешкен қиындықтарын ұмыттырып, ойларын жақсылыққа жетелеу. Екі сағаттық қойылымды олар ұзақ естеріне сақтайтынына сенемін.
Жаңа жылдық шырша. Еліткен әуен. Гүлдердің вальсі. 800-дей бала екі сағатқа ертегі әлеміне сапар шеккендей. Ескі жылмен қоштасудың алдында осындай ауқымды шара өткізу дәстүрге айналған.
Александра Дінішева Естімейтін балаларға арналған мектеп-интернатының директоры:
-Біздің Тұңғыш президент қорына алғысымыз шексіз. Қайырымдылық концертін ұйымдастыру арқылы үлкен қуаныш сыйлайды. Бастысы, балалар дән риза.
Өнерге тәнті болған өрендер әртістерге тік тұрып қошемет көрсетті. Қойылымнан кейін Тұңғыш президент қоры оларға тәтті тағамдардан үлестіріп, әсерлі кештің нүктесін қойды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!