Елімізде балалардың психикасын бұзатын ақпарат таратқандар қылмыстық жауапқа тартылады
Мәжіліс бүгін бірінші оқылымда осындай заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сай, енді кез-келген арна немесе газет-журнал жариялаған материалда кішкентайлардың жасына қарай шектеу қоюы керек. Сондай-ақ, депутаттар бүлдіршіндер мен жасөспірімді суицид жасауға үгіттегендерге қатысты да қылмыстық іс қозғауды ұсынып отыр.
Автор: Жәудір Оразхан
27.12.2017
Жаңа заң жобасы бойынша дайын бағдарламаны эфирге шықпас бұрын арнайы комиссия тексеруі тиіс. Заңгер, психолог, педагог сынды кішкентайлардың табиғатын түсінетін мамандардан құралған топ әр материалды жіті сараптайды. Хабар содан кейін ғана көрерменге жол тартады. Негізгі талаптар мыналар: барлық бағдарламада балалардың жас санатына сай белгі болады. Яғни, 6, 12, 16,18-ден асқан ұл мен қыздың ой-санасы ескерілуі керек. Түнгі сағат 10-ға дейін жамандықты үгіттейтін ақпарат тартуға қатаң тыйым салынбақ. Айта кетейік, мұндай шектеулердің телеарналардағы Жаңалықтарға қатысы жоқ.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
-Заң жобасы бойынша қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өмiрiне қатер төндiретiн iс-әрекетке, сондай-ақ, суицидке итермелейтiн, порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық сипаттар мен көрiнiстердi қамтитын ақпараттық өнiмдерге тыйым салу қарастырылып отыр. Әсiресе, бiздiң елде суицид мәселесiн қатты ойлану керек. Мұнымен бiрге, отбасы институтын жоққа шығаратын және ұлттық дәстүрлерге қарсы үгiттейтiн ақпараттар да балаларға зиянды деп танылған.
Бекболат Тілеухан атаған ақпраттарды бала теледидар көретін уақытта жариялаған арна заңмен жазаланады. Тіпті қылмыстық іс қозғалып, жұмысы тоқтатылуы мүмкін. Бұл тәртіп әзірге отандық телеарналарға ғана қатысты болып тұр. Депутаттар жаңа заңға Қазақстанда хабар тарататын шетелдік арналар да бағынсын деген талап қойып еді. Бірақ Ақпарат министрлігіндегілер оларға мұндай талап қоя алмаймыз деп отыр.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
- Мы наши отечественные телеканалы, извините меня, загнали в рамки, контролируем, а вот иностранным мы говорим, извините пока не нужно. Почему, объясните?
Ал жаңа тәртіп телеарналармен қатар газет, журнал, әлеуметтік желі, кітап арқылы ақпарат таратындар да бағынуы тиіс. Басылымдарға да шектеу бар. Сондай-ақ, суицидті насихаттап, адамды секіріп, асылып өлуге шақырғандарға да қатысты іс қозғауды ұсынды. Мұны Ішкі істер министрлігіндегілер де қолдап отыр.
Рашид Жақыпов, ҚР ІІМ вице-министрі:
-Депутаттар «суицид жаса» деп біреуді үгіттегендерді, ұсыныс жасағандарды, алдап өлімге көндіргендерді қылмыстық іске тартайық деп отыр. Екінші оқылымға дейін бұл мәселені шешеміз. Нақты сараптама әдістерін белгілеу керек. Биыл біз суицидті насихаттайтын 904 сайт анықтап, ел аумағында олардың жұмысына тыйым салдық.
-Қазіргі заң бойынша азаматты өз өзіне қол жұмсауға итермелегендер ғана жауапқа тартылады. Ал баланың санасын улайтын мәліметтер көбіне шетелдік сайттарда, түрлі электронды ойындарда кездеседі екен. Сондықтан компьютерлік ойындарға да сараптама жүреді. Әзірге заң жобасы Мәжілісте. Төменгі палата екінші оқылымда тағы кем-кетігін түзеп, Сенатқа жібереді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!