Ақтөбелік шенеуніктер әлем чемпионынан зейнеткерлікке кетуін талап етіп, сыйақысын қысқартып тастады
Ақтөбе облысының әкімдігі самбодан әлем чемпионын ай сайын спортшыларға беретін сыйақыдан қаққан. Шенеуніктер 42 жастағы Раиса Байлиеваға жасының келгенін айтып, зейнеткерлікке шығуды сұрапты. 24 ел чемпионатында алтын тұғырдан көрініп, рекорд орнатқан спортшы бұған өкпелі. Бірақ әкімдіктегілер самбошыны ренжіту ойларында болмағанын айтып ақталды. Себебі, үкімет қауласына сәйкес ол тізімге ілікпей қалған.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.12.2017
Бұл суреттегі Райсаның көгерген көзінен-ақ мойнындағы алтын медальдің оңай келмегенін аңғаруға болады. Жақында ғана самбошы Байлиева әмбебап жекпе-жектен төртінші мәрте әлем чемпионы атанған еді. Әзірге еліміз бойынша бұл атақты бірде бір еркек те, әйел де алып көрмепті. Жауынгерлік спорт түрінен жалғыз чемпионды жергілікті әкімдіктегілер құттықтаудың орнына, сыйақыдан қағып өкпелеткен.
Раиса Байлиева, самбодан әлем чемпионы:
-Әлем чемпионатынан қуанып жетсем, біздің спорт басқармасындағылар оны су сепкендей басып тастады. Мені ай сайын алатын небары 60 мың теңге сыйақымнан қағып, тыныш қана зейнеткерлікке кетуімді сұрады. Жасың да, айналысатын спортың да олимпиадалық спорт түріне жатпайды деп шығарып салды.
28 жыл бойы боз кілемде жауырыны жерге тимеген палуан қыздың әзірге спортпен қоштасқысы келмейді. Бірақ оны әкімдіктегілердің қолдайтын түрі жоқ. Олар Раиса Байлиеваны чемпиондарға берілетін ай сайынғы сыйақыдан үкіметтің қаулысымен алып тастағандарын айтады.
Азат Қазиханов, Ақтөбе облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары:
-Жаңа қаулының қабылдануына байланысты Байлиеваның жасының ешқандай қатысы жоқ. Тек мына олимпиадалық спорт түрлеріне жатпайтын спорт түрлері алынып тасталынды.
-Раисадан бөлек чемпиондар сыйақысынан Ақтөбе облысы бойынша 21 адам қағылған екен. Бәрі олимпиадалық спорт түрімен айналыспағаны үшін кінәлі болыпты. Дегенмен, жаңа жылдан бастап қаулыны өзгертуге барымызды саламыз деп сендірді шенеуніктер. Себебі, Азия ойындарына қатысатындарды тізімге іліктіру туралы ұсыныстарын өкіметке жолдаған. Бірақ ол кезде де Раиса Байлиеваның тізімнен табылар-табылмасы белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!