Атырауда қоғамдық көлік жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты
Айтуларынша, «Айстрансхолдинг» автобус паркі көліктер мен жүргізушілерге жағдай жасамаса да, белгілі бір бағытқа шығу үшін төленетін біржолғы жарна көлемін өсірмек. Одан қала берді, диспетчерлер адам тасуға лайықты көлігі бар кез-келген жүргізушіге рейске шығуға рұқсат бергені үшін 15 -20 000 теңге талап етеді екен.
Автор: Жанар Низамутдинова
28.12.2017
Осылай деп журналистерге мұңын шаққандардың сөзінше, «Айстрансхолдинг» басшылығы ендігі жерде жүргізушілерге қойылар талапты да өзгертпек екен. Яғни, бағытқа шығатын көліктің көлеміне қарай төленетін біржолғы жарнаны 15 пайызға көтермек. Бірақ, өздері мен көліктеріне мүлде жағдай жасалмайтындығын айтқандар мұнымен келіспейміз деп отыр. Өйткені, өздерін дәрігерлер, ал көліктерін механиктер мүлде тексермейтін көрінеді.
Жанаргүл Тілеуова, жеке кәсіпкер:
- Бізден тек таңертең ақшаны алады да болды. Осымен шаруалары бітті. Еш жағдай жоқ.
Монополист «Айстрансходинг» басшыларына сенсек, мұның бәрі бос сөз. Ал, жарнаны көтеру арқылы компания бұдан пайда таппақ емес. Онсыз да компанияның бір күнгі шығыны 25-30 миллион теңгеге жуықтайды.Тек жарнаны өсіру арқылы компанияның миллиондап жиналған қарызын аз да болса азайтпақ екен.
Жасұлан Бисенов, «АйсТрансХолдинг» ЖШС басшысы:
-88 миллиондай қарызымыз бар. Жанармайың, құрал -сайманға тағы ақша керек. Дотация болуы керек қой мемлекеттен. Жекеге ауыстырғаннан кейін ешкім ешкімге көмектесіп жтқан жоқ.
Қаладағы жолаушылар тасымалына жауапты мекеменің үстінен қарайтын жергілікті әкімдік басшылық пен жүргізушілердің арасындағы дауды өгіз де өлмейтіндей, арба да сынбайтындай қып шешеміз деген. Бірақ, көптің мысы басса керек, ақыры жүргізушілердің ығына жығылуға мәжбүр болды
Нұрлан Тұрланов, Атырау қалалық әкімдігінің өкілі:
-Баға көтерілмейтін болды. Яғни газельдер 1000, ал үлкен автобустар 3600-бен сол бағамен жолдарына шыға береді. Одан кейін заңсыз ақша алу мәселесі бойынша, қала әкімі жиналыс өткізіп, сол жерде анықталады.
Егер бұл дерек шынымен де анықталып жатса, кінәлілер жұмыстан шығарылып, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін. Әкімдіктегілердің бұл уәдесінен соң жүргізушілер қайтадан жұмыстарына кірісіп кетті. Бірақ, қала тұрғындарының жарты күн бойы діттеген жерлеріне жете алмай діңкелегенін де айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!