{metadescription}
Шетелдік туристтен 40 мың алған таксиші  ақшаны қонаққа қайтарып берді
Шетелдік туристтен 40 мың алған таксиші  ақшаны қонаққа қайтарып берді

Шетелдік туристтен 40 мың алған таксиші ақшаны қонаққа қайтарып берді

Алматылық таксист шетелдік туристті әуежайдан қонақ үйге жеткізгені үшін 40 мың теңге алған. Аңғал америка азаматы өзінің алданғанын отельге жеткеннен кейін бірақ түсініпті. Қонақ үй қызметкерлері бірден полицияға хабар берген. Жалпы, осындай алдаудың құрбаны болған шетелдіктер жетерлік.

Мұхиттың арғы бетінен келген мейман қақпанға қалай түскенін өзі де аңдамай қалған болар. Өйткені, Америкада әуежайдан орталыққа бару үшін 40 мың теңге, яғни орташа 120 доллардай  шығындау қалыпты жағдай. Жеңіл жолмен қалтасын қампайтпақ болған таксист шетелдіктің шаһарды білмейтінін пайдаланып, қызмет құнын қымбат айтыпты. Қонақ үй қызметкерлері болған жайды естігеннен кейін бірден полицияға хабар берген.

Юлия Мельник, маркетинг бөлімінің басшысы:

-Шетелдік қонақ Қазақстанға бірінші рет келіп отыр. Әрине, әуежайдан түсе сала болған жағдай оған ұнамады. Мұндай жайт жиі болып тұрады. Негізі әуежайда жүретін заңсыз таксисттерді қатаң қадағалауға алу керек. Осындай әрекеттері шетелдіктердің еліміз туралы теріс пікірін тудырады.

Құзырлы органдар сүт пісірім уақытта жүргізушінің аты-жөнін анықтап, ұстаған. Көлік иесінің жымысқы әрекеті жүзеге асқанымен, әшкере болды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

-Такси жүргізушісінің аты-жөнін анықтау қиынға соққан жоқ. Медеу аудандық Ішкі істер басқармасына шақырылып, болған оқиғаны растады. Шынымен де, жол жүру ақысын едәуір көбейтіп алғанын рас деп айтты.

Алматыда тұратын АҚШ азаматы Блэр Джосая мұндай жайттардың көктеп кездесетінін айтады. Бастапқыда ол да таксистерге алданыпты. Қазір есесін жібермейді. Айтуынша, жергілікті жүргізушілер шетелдіктерді алдап, ақша табуға әбден дәндеп алған.

Блэр Джосая, АҚШ азаматы:

-Адамдар қай жерде болмасын әрдайым абай болу керек. Осылай сан соғып қалмас үшін, арнайы такси қызметтерін пайдаланған жөн. Оның үстіне қазір такси шақыратын телефонда қосымшалар көп.

-Оңай олжаға уақытша қарқ болған Алматы тұрғыны Америка азаматына көп өтпей  ақшасын кері қайтарып берді. Полицейлер онымен түсіндіру жұмысын жүргізді. Жалпы, шетелдік қонақты олжа көріп шектен тыс бағаға жолаушы тасыған жайттар мұнымен шектелмейді. Бір ғана ЭКСПО кезінде талай таксисттің әрекеті әшкере болды. Оларға арнайы заң мен жазаның жоқтығы осындай бассыздықтардың көбеюіне бәлкім бір себеп. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде