Қызылордада жас жігіттің көлігіне қасақана есірткі тастаған полицейлердің әрекеті видеоға түсіп қалды
Қызылордада жазықсыз жігіттің көлігіне аса ірі мөлшерде есірткі салып жіберді деген күдікпен 3 бірдей тәртіп сақшысы тексеріліп жатыр. Осынау жайт байқаусызда мектептің бақылау камерасына түсіп қалған.
Автор: Аруна Ортай
29.12.2017
Елвира Мақанова, күдіктінің әйелі:
-Ұстау барысында автокөлігіне тексеру жүргізіліп, артқы орындықтан көп мөлшерде есірткі заты табылды. Осы кезде сол машинадан түскен үшінші адам күйеуімнің машинасының артқы есігін ашып, толықтай ішіне кіріп, бір затты салды. Есігін жауып, әрі қарай кетіп қалды.
Оқиға желтоқсанның 14-і күні, шамамен кешкі жетілерде болған. Полицейлер көлігінде отырған Руслан Барахатовты желкелеп шығарып, жерге жыққан. Жедел операция кезінде тұрғынның көлігінен ірі мөлшерде есірткі табылып, жүргізуші абақтыға жабылған. Бірақ, таспаға бұдан басқа тағы бір жайт түсіп қалған. Яғни, үшінші полицейдің көліктің басқа жағынан жасырын келіп, ішіне әлдебір затты сүңгітіп жібергені көрініп тұр. Жалған операция түсіп қалған бейнетаспаны сол кеште ұсталған жігіттің жұбайы тауып жария қылды. Артынша Қызылорда облысы ішкі істер департаменті «есірткі салғыш» қызметкерлерін тұтқынға алды. Қазір «жалған айғақ жасау» бабымен полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Десе де, жұрт сенген сақшылардың бұл әрекетіне қатысты департаменттегілер ауыз ашпады. Ал бәлеқорлардың жазасын бергісі келген қызылордалық келіншек болса, жазықсыздан тұтқындалған күйеуінің бостандыққа жіберілуін талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!