Алматыда асқан қатыгездікпен өлтірілген қыздың туыстары сот үкімін қайта қаратпақ
Өзгелердегі өшін бейтаныс қыздан алған! Сотта осылай түсініктеме берген алматылық такси жүргізушісі жолаушысын өлтіргені үшін жаза арқалады. Төртінші мәрте сотталған қылмыскер енді 21 жыл 7 айын түрмеде өткізеді. Ал, қара жамылған 18 жастағы қыздың ата-анасы бұл үкімге қарсы. Олар қаскөйді өмір бойына соттауды талап етуде. Сөйтсек, Құрбан Ысқақовтың мектеп бітірушіні зорлағаны заң алдында дәлелденбеген. Қандықол қылмыскер тек оны өлтіргенін мойындаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
29.12.2017
Назеркенің мәйітін табу ұзаққа созылғанымен, оны өлтірген қаскөйдің соты тез өтті. 33 жастағы Талғар ауданының тұрғынына кеше кешке үкім кесілген. Зардап шегушілер де, мемлекеттік айыптаушы да оны аямай, өмір бойына соттауды сұраған еді. Бірақ, жаза мұншалықты қатаң болған жоқ.
Бауыржан Ахметов, Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің басшысы:
- Көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Және ҚР Қылмыстық кодексінің 58, 60-ыншы бабының негізінде үкімдердің жиынтығы бойынша түпкілікті оған 21 жыл, 7 ай, 3 күн бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды.
Яғни, қаскөйдің бір қылмысты қайталауы жазаны ауырлатуға негіз болған. Айта кетсек, Құрбан Ысқақов осымен төртінші рет сотталып отыр. Алдымен бұзақылық, ұрлық әрекеттері үшін жазаланған. Кейін 16 жастағы қызды зорлап, түрмеге қамалады. Сөйтіп, темір тордың ар жағында 2020 жылға дейін отыруы тиіс еді. Бірақ, үлгілі тәртібі ескеріліп, мезгілінен бұрын босатылған. Алайда, бұдан сабақ алмай, қылмысқа қайта барыпты. Сондықтан, Назерке Әріптің ата-анасы оны енді ешқашан бостандыққа жібермеуді талап етуде.
Сәуле Сарбаева, Н. Әріптің анасы:
-Біз әрі қарай тоқтамаймыз, апелляция береміз. Ондай қылмыскердің орны тек қана түрме.Өйткені ол алдында да адам өлтіріп, уақтысынан бұрын, жарты мерзімін ғана отырып, шығып кетті. Сондықтан, оның бұл жолы қайтадан шықпайтынына кім кепіл.
Қылмыскердің өрімдей қызды зорлағаны сотта дәлелденбепті. Ол тек такси тоқтатқан жолаушыны өлтіргенін растады. Осылай өзгелердегі өшін бейтаныс бойжеткеннен алыпты. Бірақ, бауыр еті баласынан айырылғандар оның алдымен қызды қорлап, бұл әрекетін жасыру үшін көзін жойғанына нық сенімді. Бұдан басқа негіз болмаған дейді олар. Айта кетсек, мектепті биыл ғана бітірген Назерке шілдеде үйінен шығып, ұшты-күйлі жоғалған болатын. Араға 2 ай салып өлігі ғана табылды. Қылмыскер марқұмды Кеңсай жаққа тастап кеткен.
- Сөйтіп, еш сараптама жасалмастан, қыршыннан қиылған қыз жер қойнына тапсырылды. Бастапқыда қылмыскер оны зорлағанын да мойындаған. Тек судьяның алдында басқаша сөйлеп, ақыры өз-өзін ақтап алды. Десе де, қайғыдан қан жұтқан Назеркенің ата-анасы істі жылы жауып қоймақ емес. Бар ойлары оны ақтық демі таусылғанша түрмеге қамату. Сондықтан, зардап шегушілер жақын күндері апелляциялық сотқа шағым түсіреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!