Жаңа жылда қандай заңдар күшіне енеді?
Қаңтарда бірқатар заңдар өз күшіне енеді. Мәселен, көлік жүргізушілеріне салынатын айыппұл көлемі төмендейді. Ол бойынша темір тұлпар тізгіндегендерге бірқатар жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар, биылдан бастап педоофилдер химиялық жолмен жазаланады. Ал, қаңтардың бірінен ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемі де өзгерді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
03.01.2018
Ит жылының бірінші игілігі айыппұлдың төмендеуі шығар. Қаптаған камераның қақпанына түсіп қалта түбі қағылған жүргізушілер бірқатар жазаның жеңілдейтінін естіп жадырап жүр. Мәселен, көлігін мүгедектерге арналған тұраққа қаңтарғандарға қаңтардан бастап 22 мың теңге айыппұл салынады. Бұрын 113 мың теңге төлейтін. Ал, қарсы жолаққа шыққандар осыған дейін бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылса, енді екі ай көлік тізгіндемейді. Машина шамын жақпау секілді ұсақ ереже бұзғандар енді тек ескертумен құтылатын болды.
Арман Қожахметов, мәжіліс депутаты:
-Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар заң жобасының бірқатар нормаларын анықтауға бағытталған. Жекелеген түзетулер заң жобасының процестік нормаларын жетілдіруге қатысты болып отыр.
Қаңтардың қаһарын ардан аттаған азғындар көреді. Педофилдерді піштіру жазасы 2018 жылдың бірінші күнінен күшіне енді. Химиялық кастрация қолдануды судья шешеді. Түрмеде педофилге еркектік қуатын әлсірететін дәрі егіледі. Иньекцияның күші бір айға ғана жарамды. Бірақ, сотталушы бостандыққа шыққаннан кейін де 3 жыл қатаң бақылауда болады.
Әсет Оспанов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің бөлім бастығы:
-Сондай-ақ педофилдерге шартты жаза қолданылмайды. Оның үстіне Әкімшілік кодекске өзгерту енгізіп, педофильдерге алкогольді сусын мен психатропты препараттар ішуге тыйым салынды.
Ит жылындағы тағы бір жағымды жаңалық шілдеден бастап елімізде базалық зейнетақы мен жәрдемақы 8 пайызға артады. Осылайша, зейнетақының төменгі мөлшері 49 мың, орташа көлемі 71 мың теңге болмақ. Сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың теңгеге дейін көтерілді. Қымбатшылық қапқан уақытта бұл да ит жылының бір игілігі болар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!